Мәселенің мәнісі «Қазақстан ел азаматтарына қашан да қамқор»

(0 Votes)

Бұл Елбасымыздың сөзінен мағыналанған тұжырым. Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» биылғы 10 қаңтардағы 5-і санының бірінші бетінен жақсы хабарды оқып, жанымыз сүйсінді.

Әңгімеміздің әлқиссасын Мемлекет басшысының Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты Мәлімдемесінен бастайық. Одан аз-кем үзінділер келтірсек «Серперлік» оқырмандар ұғына түсер деген ойдамыз. «Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды. Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады...

Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз» деген Елбасы өз мәлімдемесінде.

Аталмыш газеттің осы нөміріндегі бірінші бетке Мәлімдемемен қатар «Шам шырғалаңы Сириядағы сергелдеңге түскен отандастарымыз елге оралды» деген түсіндірме мақала жарияланған. (Абай Асанкелдіұлы. «Егемен Қазақстан») Онда Сириядағы соғыс өрті тұтанғанына 8 жыл болғаны, осы мерзім ішінде миллиондаған халқы босып кеткені, мұндағы лаңкестік топтар сырт елдердің азаматтарын арбауына түсіріп, «жиһад» іздеп барған талай жанның өмірі ойран болғаны айтылады.

Оқырмандарымыздың мына мәліметтерді білгені де абзал. Өйткені – соғыс ауыртпалық. Соғыс – шексіз қасірет. Сирия, яғни Шам елі осы жылдар ішінде әбден құлдырап 275 миллиард шығынға батып отыр. 400 мыңдай тұрғынынан айырылған. Кейбір деректер бойынша қайтыс болғандар саны 560 мыңға жетіп жығылады.

Мақалада одан әрі «Сириядағы дағдарысты жете түсініп, бітімгерлік бастамасын көтеріп, ахуалдың оң шешім табуы үшін Астана алаңын ұсыну – Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы салиқалы саясатының оң ықпалын көрсетеді» делінген.

Бұдан шығатын қорытынды: Азаматтарына дәл осындай қамқорлық көрсетіп, ақ жолдан тайғандарға кешіріммен қарап, елге әкеліп, ем-дом жасап сауықтыру – тек қана Тәуелсіз Қазақстанға ғана тән болып отыр. Әкелік қамқорлық дегеніміз осы. Дұрысында олар үлкен қателікке барып отыр емес пе?! Дүниеде Отанынан безуден асқан қылмыс жоқ екені жазылып та, айтылып та жатыр. Сонда да оларға соңғы мүмкіндік беріп, елге алдыру – мейірбандық пен рахымның ең шынайы, баға жетпес көрінісі екені анық.

Біз дана халықтың ұрпағымыз. Бабаларымыз: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқанның», «Ел іші – алтын бесік», «Өзге елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол» деген даналыққа толы тәмсілдерді осындай жайларға қарап айтты ма деген ой еріксіз жетелейді.

Сөздің қысқасы, өзге елден жұмақ іздегендер қатты қателеседі. Сириядағы жағдай талай жауһазын жастың өмірін қиды. Келеңсіздік біздің ауданды да оралып өтпеді, өкінішті! Сондықтан, бейбіт өмірдің, арлы жолдың, адал еңбектің, келісім мен ымыраның қаймағы бұзылмаған Қазақстанымызды қадірлей білейік, одан әрі гүлдене түсуі үшін әрқайсымыз үлес қосайық, демекпін.

47 бауырымыздың табанын туған елге дін-аман тигізген Елбасыға, елімізге деген құрметіміз шексіз.

Таңатар Дәрелұлы,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ҚР-ның Құрметті журналисі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521