"Мәселені арызбен емес, ақылмен шешейік"

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин аудан тұрғындарымен кездесті. Оған округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының, несие серіктестіктерінің басшылары қатысты. Кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов жүргізді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев: - 3-4 айдың ішінде 49 заң жобаларын қабылдадық. Әлі де 50 шақты жобалар алдымызда жатыр. Оның ішінде ең маңыздысы 2018-2020 жылдың бюджетін бекіту. Өмір орнында тұрмайды, өзгереді. Сондықтан кәсіпкерлерге қатысты заң да оларға лайықты болуы тиіс. Салық Кодексінде де жеңілдіктер бар. Бұл Елбасымыздың қабылдаған бастамаларына да байланысты. Мен қаржы және бюджет комитетінде бармын. Облыс басшысы Премьер-Министрмен сөйлесіп, біз Сәрсенбай Құрманұлы екеуміз кірісіп, Жайық пен Қиғаштың арнасын тереңдетуге көңіл бөлінуіне жұмыстандық. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаражат қаралды, - дей келе облыс бойынша тұщы жер асты суы көзін іздестіру жалғасуда екеніне тоқталды. Одан әрі заң шығарушы органның жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы айтып өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Аудандық мәслихаттың депутаттары Мансұр Қуаншәлиев,Рифхат Сұлтанияев, жеке кәсіпкер Мерғали Ғабдушев, шаруа қожалықтарының басшылары Теміртас Сұлтанғалиев, Есболат Құбашев, Азғыр өңірінің тұрғыны Мүтиғолла Ғани, «Құрманғазы» несие серіктестігінің төрағасы Бержан Кенжебаев жерді жеке меншікке алуға, шетелдік жұмысшы күшін жалдауға, егін салатын жерін кеңейтуге, асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді Үкімет тарапынан қолдауға, жайылымдық жерді кеңейтуге, қыр бойында отырғандардың іс-қағаздарын жүргізетін адам бөлуге, ондағы шаруа қожалықтарына жел, күн энергиясымен жұмыс жасайтын құралдарды несиеге беруге ықпал етуін сұрады. Мысалы, «Құбашев» шаруа қожалығының басшысы Е.Құбашевтің айтуынша, асыл тұқымды ірі қараны қолдан ұрықтандыруға Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаржы қаралмаған. Шеттен әкелінген бұқалар жерсінбей өліп қалады. Батыс аймақтық ғылыми-зерттеу институты малды жергілікті жерде асылдандыру бағытында зерттеу жұмыстарын жасағанымен Ұлттық палата оны жоққа шығарып отыр. Сонда қаржылай көмек болмағаны өз алдына, институттың зерттеу жұмыстарына төлеген қаржысы текке кетпек.

Егін салатын жер беруге қатысты аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев, «Құлан» бағдарламасы бойынша туындаған сұраққа аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов жауап қайтарды. Қойылған сұрақтарға берген жауабында Сенат депутаты Ғ.Дүйсембаев шекараға жақын жер сатылмайтынынан, пайдалануға ғана берілетінінен хабардар етті. Бұрын жер актілері беріліп, мораторийге байланысты тіркелмей қалғандар жайын Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізуді өз мойынына алды.

- Жалдамалы жұмыс күшіне облыс бойынша 11 мың квота бар. Шетелдік жұмысшылармен келісімшарт жасалып, есепшоттары ашылуы тиіс. Сіз ұсынысыңызды маған жазбаша түрде беріңіз. Бізге көші-қон туралы заң келіп жатыр. Соның аясында қарастырайық. Қыр бойына іс-қағаздарды жүргізетін маман ұстауға келсек, оны осы жерден айына 1-2 рет барып шешуге болады. Малды қолдан ұрықтандыруға Одақ кезінде көңіл аударылды. Мұны қолдау қажет деп есептеймін. Министрлікпен сөйлесіп қарайын, сіз маған мәселені жазбаша беріп жіберіңіз. Өздеріңізді толғандырған үлкенді-кішілі сұрақтарыңыз болса менің атыма хат жолдаңыздар. Оларды шешуге жұмыстанамын. Бүгінде өзімізді-өзіміз қамтып жатсақ ,бұл сіздердің еңбектеріңіз. Қазір министрлерге де бәрін Елбасыға қаратып қоймай, өздерің шешіңдер деген талап қойылып отыр. Адамдар бір бет қағаз ұстап шапқылай бермеулері қажет, - деді.

Облыстық мәслихаттың жұмысынан хабардар еткен оның хатшысы Өмірзақ Зинуллин: - Ақкөл ауылындағы су тазарту ғимаратын қайта жаңғыртуға және оның жобалық-сметалық құжатын (ЖСҚ) әзірлеуге бастамасында 1,5 млн. қаржы бөлінді. Жалпы құны 16 млн.500 мың теңге. Котяев, Кудряшов ауылындағы су тазарту ғимараттары мен құбырларын қайта жаңғыртудың ЖСҚ-на түзету енгізу мәселесі қаралды, 2 млн.340 теңгесі биыл бөлініп, құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Асан ауылындағы су құбырына ЖСҚ-ын жасақтау 4,5 млн. теңге тұрады. Оған да биыл 2 миллиондай қаражат бөлініп отыр. Сүйіндік-Асан-Үштаған магистральдық су құбыры жүйесінің құрылысын жобалауға 11 млн. 600 мыңдай қаржы бөлінді. Қазір Азғыр өңіріне газ желісі жүргізілуде. Бұдан басқа Д.Нұрпейісова ауылының жоғары қысымды газ құбырының құрылысына 464 млн. теңге қажеттігі есептелді, биылдан бастап қаржыландырылады. Ганюшкин мен Ақкөл ауылын қосатын газ құбырын салу мәселесі 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Жұмекен ауылындағы Дәулеткерей, Көнеу елді мекендеріндегі ауыз су желісінің құрылысына 86 млн. қаржы сұралды, оның 25 млн. теңгесі биыл беріледі.

Теңіз, Қызылқоға ауылдарындағы орта мектептердің құрылыстары аяқталу үстінде, қалған қаржысы игеріледі. Дәшін ауылындағы балабақшаның және Дәулеткерей атындағы саз мектебінің ЖСҚ-на 6 млн. теңге қаржы бөлінгенін айта кетейін. Кешегі сессияда тарихи шешім қабылданып, Ганюшкин ауылы - Құрманғазы, Киров ауылдық округі Жаңа талап атауын алды. Сонымен қатар, Дәшін ауылындағы 400 орындық мәдениет үйінің ЖСҚ жасақталады, қаржысы дайын. Азғыр ауылынан 200 орындық мәдениет үйінің де осындай құжаттарына аудан әкімдігі тарапынан қаржы бөлініп отыр. Бірлік, Теңіз, Көптоғай, Котяев ауылдарының сыйымдылығы аталған мөлшердегі мәдениет үйлерінің де тиісті құжаттарына қаржы қаралды, - деп осыған қоса Ақкөлдегі жабық спорт алаңына, Ганюшкиндегі үйлер, Кадыркада 60 пәтерлік үш қатарлы баспана құрылыстарына да ақша бөлінгенін жеткізді. Ал, жүріп жатқан Жыланды-Қиғаш, Жасталап ауылына кірме жол құрылыстары биыл да жалғасады.

Аудандық мәслихат депутаты М.Қуаншәлиев облыстық мәслихат депутаттарының халықпен кездесуі, «Құрманғазы» несие серіктестігінің төрағасы Б. Кенжебаев «Құрманғазы-Бәйтерек» несие серіктестігін қаржыландыру бағдарламасына қатыстыру, тубдиспансерді шипажайға көшіру мәселелерін көтерді.

Аудандық мәслихаттың депутаты Р.Сұлтанияев бұрынғы шипажайдың орнынан кезінде емдік қасиеті Кавказдағыдан кем емес су шыққанын, оны шетелдік ғалымдар дәлелдеген құжаттар бар екенін алға тартып, соны санаторийлік мақсатта пайдалануды ұсынды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Ө.Зинуллин бұл ұсынысты қаперге алып, аудан әкімдігімен, дәрігерлермен ақылдасып көретінін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындар сұрағына жауап беруі үшін өзімен бірге «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның Атырау облыстық филиалының директоры Бақытжан Кулсинов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының өкілі Аманжан Шариповты да ерте келгенін айтты.

Кездесуден соң «Нұр Отан» партиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғ. Дүйсембаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Ө.Зинуллин тұрғындарды жеке шаруалары бойынша қабылдау ұйымдастырды. Оған партиялық фракцияның жетекшісі, аудандық мәслихаттың хатшысы Б. Жүгінісов, аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жанқанов, депутаттар, кейбір бөлімдердің басшылары қатысты.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521