«Мәңгілік елдің тұтқасы маңдайы жарық ұрпақта!»

(0 Votes)

«Мәңгілік елдің қалауы – дарынды тұлға» атты аудандық ІІ дарынды оқушылар форумы Еңбекші жалпы орта мектебі оқушыларының «Менің Отаным – Қазақстан» атты қойылымымен ашылды.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев:

- Ел ертеңі, әлемді өркениетке жетелер білім көшінің жолбасшылары - дарынды ұрпақты тәрбиелеу – заман талабы. Қай кезде де уақыт сөресінен түспейтін ең маңызды мәселе, адамзаттың мәңгілік тақырыбы – ұрпақ тәрбиесі. Біздің мақсатымыз – оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды әлемдік деңгейге шығарып, тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың алғышарты – білімнің беделін жоғарыға көтеру. Осы мақсатта талаптың тұлпарына мініп, білім көкжиегінің биік шыңына жетуді мақсат еткен бүгінгі ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз берекелі істің оң нәтижесін көрсетіп отырғаны – біз үшін зор жетістік. «Талант дегеніміз – қабілеттіліктің, ал, данышпандық – дарындылықтың жоғары деңгейі» деп бағалар болсақ, сол межеде облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жүлдегерлерін қалай ұлығыласақ та оларға бек жарасымды.Құрметті оқушылар, болашақ сіздердікі, мақсаттарың айқын, жолдарың ашық болсын, - дей келе, түрлі республикалық байқаулардың жеңімпаздарына «Білім додасының даралары» номинациясы бойынша марапаттар тапсырды.

Олардың қатарында республикалық ғылыми жобалар, «Жарқын болашақ» байқаулары, таэквондодан ҚР жастар арасындағы чемпионаты, облыстық пәндік олимпиада жеңімпаздары бар. Келесі кезекте «Балбөбек – болашақ бастауы» номинациясы негізінде аудан балабақшаларының тәрбиеленушілері арасынан оза шауып, биік белестерді бағындырған бүлдіршіндерді аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов ұлығылады. Облыстық «Айгөлек» балалар-шығармашылық фестивалінде мәнерлеп оқу, вокал, хореография, саз аспабы, театрлық-сахналық өнер жанрлары, «Білім жолымен» олимпиадасында, «Тіл – ұлт қазынасы» байқауында топ жарған бөбектер қошеметпен сахна төріне шақырылды.

«Ғибратты ғылымның жанкүйерлері» бағытында ғылыми жобалар, «Рухани жаңғыру» аясында өткізілген облыстық «Алтын ой», «Мәңгілік ел – туған өлкем», «Үздік мектеп мұражайы» байқаулары, «Жас биолог», «Тарих тұңғиығында» олимпиадаларында ғылым-білімнің бізге беймәлім жұмбақ сырларын ашуға талпынған бір топ дарындыларға байрақты аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Нұрлығайын Нұғыманов тапсырып, өзінің жүрекжарды лебізін жолдады. Дарынды оқушылар форумының «Ұлт мұрасын танушылар» аталымын табыстау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламановаға жолданып, халқымыздың ұлы тұлғалары Абай, Әбіш, Қадір, Фариза, Мағжан оқуларының, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Жобалар картасы», «Русский язык – ключ к знаниям», «Менің сүйікті кейіпкерлерім», «Азғыр ядролық полигоны», «Табиғатты аяла», «Қалдықтардан – табыстарға», «Қалдықтардың екінші өмірі» облыстық байқауларының жүлдегерлері сахна төріне шақырылды. Облыстық «Жас ұлан-2018» әскери-патриоттық сайысына, «Тәртіп сақшылары», «ВІ-Жұлдызай» облыстық фестивальдеріне қатысып үздіктер қатарынан көрінген оқушылар «Елдікті ерлікпен жырлаған» номинациясы бойынша марапатталды. Оларға аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмақай Ғұмаров дипломдар мен ескерткіш сый-сияпаттарын ұсынып, дарындылардың жетістіктеріне сәттілік тіледі. «Талантпен танылған тұлға» бағытында «Жадыра – жас дарын» облыстық фестивалі, «Жайық сазы» республикалық конкурсы, «Жас екпін» І аймақтық домбырашылар, «Адал ұрпақ» байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен балғындарға мұғалімдер кәсіподағы аудандық кеңесінің төрағасы Әуез Ізжанов жүлде тапсырды.

Әр марапаттау рәсімінде зал толы көрермен ұлығыланған оқушылардың фотосуреттері мен жетістіктерін Лед-экран арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. «Ұлтының ұлтжанды ұрпағы» аталатын бөлігінде «Жайық сазы», «Саламатты Қазақстан – театрдың ғажайып әлемі», «Менің Отаным - Қазақстан» облыстық байқауларының жеңімпаздары көпшіліктің ыстық ықыласымен сахна төрінен табылып, оларға арналған грамоталар мен естелік сыйлықтарды аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұлмекен Сапарова табыстады. «Елін сүйген жарық жұлдыздар» номинациясында облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов өз Отанының нағыз патриотты жастарын ұлығылады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева жиналғандарды сайыста оза шапқан дарабоздардың, елін өркениеттілікке жетелер көшбасшылардың бүгінгі мерекесімен қызу құттықтап: - Биік белестерді бағындырып, жұлдыздары жоғарыдан жанған оқушылардың зор жетістігі – ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегінің жемісі. «Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт – шәкірт емес, өз ұстазын сүймесе» дегендей, олардың әрқайсысына рухы биік кемеңгерлік пен даңқы асқан парасаттылыққа жетудің сара жолын үлгі етіп келе жатқан білікті мұғалімдеріміз қандай мақтауға да лайық десем, қателеспеспін. Биылғы жыл білім және спорт саласы үшін табысты және жемісті болғаны анық. Оқушыларымыз түрлі додаларда топ жарып, аудан мәртебесін, абыройын асқақтатуда. Аудандық дарындылар слеті он шақты жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бір қуантарлығы, оған қатысатын маңдайы жарқыраған жүйріктердің саны жыл санап артуы айқын сезілуде. Оның дәлелі былтыр ұйымдастырылған І аудандық дарынды оқушылар форумына 118 бала қатысса, бүгінгі күні олардың саны 231-ге жетіп отыр. Сондықтан шәкірттеріміздің алар асу, шығар биіктері әлі де жалғасын табатынына сенімім мол, - дей келе, дарынды тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторларды санамалап берді. «Өркениетті елдің өрендері» бағытында домбыра, фортепиано, бейнелеу сабақтары бойынша өнерлі балғындар ұлықталды. Сонымен қатар, 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен білім саласына елеулі үлес қосып, игілікті істерімен қолдау көрсеткен жанашыр белсенді тұлғалар марапатталды. «Игіліктің жаршысы», «Ізгілікті ұлықтаушы», «Таланттылардың тәлімгері» белгілері аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке, Таңатар Дәреловке, Ұлмекен Сапароваға тапсырылды. Форум соңы дарынды оқушылардың гимнінің орындалуымен тәмамдалды. Шарада әр марапаттау сәтінің арасында аудандық білім бөлімі әзірлеген концерттік бағдарлама назарға ұсынылды. Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521