Мүгедектердің мүмкіндігі мол

(0 Votes)

Редакциямызға орта жастағы азамат келіп, бас редакторымыз Таңатар Дәрелұлымен амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

– Мен – Талғат Батырұлы Сабырғалиевпын. Осы Атырау өңірінде 1967 жылы дүниеге келген азаматпын. Махамбет ауданында туып-өскенмін. Қазір ақпарат құралдарында қашанда қазақстандықтардың қамын, мемлекетіміздің дамуын басты мақсат етіп қоятын Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына бүкілхалықтық қолдау білдіріліп жатыр ғой, мен де соған үн қоссам ба деймін. Жолдауда Президентіміз: «Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіледі. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды» деген болатын. Оған сенімдімін, бұған дейін өткен екі дағдарыста да Қазақстан өз азаматтарын тағдыр тәлкегіне тастаған жоқ, – деп, өз ойын ашық білдірді.

– Орал қаласында оқып инженер-техник мамандығын алып, біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс жасадым. Кейін жол апатына түсіп, осыдан алты жыл бұрын көз жанарымнан айырылдым. Дәрігерлер бірінші топ мүгедектігіне жатқызды. Қазір мүгедектер қоғамының мүшесімін. Көзім кетсе де, қарап отырмай ақыл-ойыма, күш-қуатыма сүйеніп еңбек етіп келемін. Себебі, алған білімімді, бай тәжірибемді ел игілігіне жұмсағанды, білгенімді сана түпкірінде сақтап қоймай, жастарға үйреткенді қалаймын.

Бұған дейінгі Жолдауларда мүгедектерді де жұмыспен қамту айтылған. Бірақ, үшінші топқа жататын мүгедектердің жұмыс жасауына рұқсат етіліп, ал, бірінші, екінші топтағылар тартылмады. Енді қазір Елбасымыздың жарлығына сай, І-ІІ топтағылар да жағдайы тартса еңбек етуіне болады. Мұны Мемлекет басшысының мүгедектерді шеттетпей, қоғамдағы он екі мүшесі сау адамдармен қатар қоюы деп білемін. Мен осыған сүйене отырып ауа салқындатқыштарды, тоңазытқыштарды, «Отау ТВ» құрылғыларын, бейнебақылаулар, өрт қауіпсіздігі құралдарын орнатуды кәсіп қылуға арнайы рұқсатым барын айтқым келеді. 2000 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын.

Ал қасымдағы Батырбек Ералиев деген жігіт – Құрманғазы ауылының азаматы. Атырау қаласында радиоэлектроника және теледидар маманы оқуын бітірген. Тоңазытқыштарды, желдеткіштерді жөндейді. Қазір «Сабырғалиев» ЖК-нің қожайыны өзім болсам, тікелей басшысы – Батырбек. Өзімнің жеке кәсіпкерлігімде төрт адамды жұмыспен қамтып, жастармен өзімнің тәжірибемді бөлісіп, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Елбасымыздың қолдауына сүйеніп, жағдайы төмен, аз қамтылған адамдарға қолымнан келген көмегімді әлі де көрсеткім келеді.

Мүгедек адамдардың тоңазытқыш сияқты тағы басқа құралдары бұзыла қалса, жөндетуге шамалары жетпейді. Азын-аулық қаражаты тамағы мен түрлі төлемдерінен, киім-кешегінен ауыспайды. Біз оларға сауап болсын деген ниетпен тегін жасап беріп те жүрміз. Бірақ, үнемі олай ете алмайтынымыз анық нәрсе. Бұзылған тұрмыстық құрал-жабдықтардың ауыстырып салатын бөлшектерін сатып алуға ақша қажет. Осындай мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көмек көрсетуіміз үшін қолы ұзын ағайын ақшалай жәрдем берсе, жақсы болар еді. Тіпті, Үкімет аз пайызбен несие берсе де, бұл жұмысты қолға алуға дайынбыз. Сонымен қатар, шәкірт тәрбиелеумен айналысатын орын бөлініп, жұмыс бөлмеміз болса деймін. Аудан көлемінде радиоэлектроника, теледидар құралдарын жөндеушілер дайындап шығарсақ деген жоспарымыз бар. Елбасымыз дұрыс айтады, кез келген бизнес бәсекелі орта болса ғана дамиды. Онсыз жұмыс жүрмейді, – деп, Талғат Батырұлы ағынан жарылды.

Жанарынан айырылса да сауатты, заман ағымынан хабары мол азаматтың елге қызмет етсем деген ниетіне сүйсіндік. Шынымен де қазір ауданымызда электронды құрылғыларды жөндей алатын мамандар тапшы. Бізбен бір әңгімесінде «Тұрмыстық қызмет» КМК-ның директоры Жанғабыл Шамұратов ағамыз су айдайтын қондырғыны жөндеу үшін Оралдан арнайы мамандар шақыратынын жеткізген еді. Электроника – кез-келген адам оңай түсінетін нәрсе емес, күрделі құрылым. Оны жаңғақша шағатын мамандар өз ауданымыздан шығып жатса, жапа шекпесіміз анық.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521