«Ұлы мереке – Ұлыстың ұлы күні!»

(0 Votes)

Гагарин атындағы жалпы орта мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен әз-Наурыз мерекесіне арналған «Ұлы мереке – Ұлыстың ұлы күні!» атты думанды шара өтті.

Оған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, ауыл ардагерлері, қоғамдық ұйымдар төрағалары, округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектеп және балабақша директорлары, әлеуметтік қызметкерлер, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысты. Осылайша олар бүкіл түркі әлемі үшін маңызды әрі ұлы саналатын Наурыз мерекесін ерекше салтанатпен тойлады.

Мектеп ауласында киіз үй тігіліп, дәлізде домбырашылар ансамблі күй ойнап қонақтарды мерекелік көңіл күймен қарсылады. Ұлтық нақышта безендірілген білім ошағының спорт залында шапан жамылған ақсақалдар, кимешек киген ақжаулықты әжелер, асық ойнаған балалардан көз тұнады. Бір-бірімен арқа-жарқа амандасып көріскен жұрт «Ұлыс оң болсын!» десіп жатыр. Көрініске көзің тойып, көңілің семіреді. Іс-шара барысында қолөнершілер ауылы, концерттік бағдарлама, театрландырылған көріністер жүзеге асты.

Зал толы көрерменнің ортасына Аяз бен Ит жылы келіп өткен жылдың игі жетістіктерін саралап, Наурыз-көктемнің келгенінен хабардар етеді. Қызылды-жасылды киінген топ көк шығып, жердің құлпырғанын айшықтаса, ақсақалдар көктемді қарсы алып, айнала гүлге көмкерілді. Аудан өнерпазы Р.Сәрсенованың орындаған«Наурыз» әніне ақжаулықты әжелер шашу шашып, қонақтарға наурыз көже ұсынды. Көптен сағына күткен Көктем аруы да ішке еніп, түрлі түсті көйлек киген бүлдіршіндер қолдарындағы себеттерінен гүл шоқтарын шашты.

Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке ұсынылды. – Бүгін біз әз-Наурызды жаңаша сипатта қарсы алу бағытындағы думанды шараға жиналып отырмыз. Наурыз мейрамы – ата-бабамыздан қалған тамаша дәстүр. Бұл күні өкпе ренішті қойып, бір-бірімізге кешіріммен қарауымыз керек. Көктем бізге өзімен бірге үміт пен жылылық ала келеді. Олай болса, армандарымыз іске ассын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деген тілегін білдіріп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін ата-аналарға өзінің алғыс хаты мен сый-сияпатын тапсырды.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521