Ұлттық құндылықтарымыз насихатталды

(0 Votes)

Күн менен түн теңеліп,ел аузында Самарқанның көк тасы еріген күн деп аталып кеткен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі ауылымызда кең көлемде аталып өтті.

Қытымыр қыстан аман шығып, мал-жанның амандығын сұрасып, ағайын мен ауылдасқа аман-саулығын тілейтін, көрісу амал мерекесінен бастау алған шаралар төл мерекеміздің қарсаңында қорытындыланды. Ауылдық мәдениет ұжымының ұйымдастыруымен ауылдағы барлық мекемелер атсалысқан бұл мереке айрықша түрде жалғасын тауып жатты. Киіз үйі тігіліп, Наурыз көжесі пісіп,жиналған жұртшылық ақтан ауыз тиді. Айтулы күнде бас қосқан барша ауыл тұрғындары мерекеге орай өткізілген іс-шаралар мен спорттық ойындардың куәсі болды. Қазақтың төл өнері, күй өнерін насихаттау мақсатында өткізілген «Сайра домбыра» күй байқауының жүлдегерлері мен асық ату, дойбы, арқан тартудан жарыс жеңімпаздарын Сафон ауылдық округі әкімі Р.Шамарқызы мен мәдениет үйінің басшысы Н.Мүфтоллаұлы естелік дипломмен марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады. Ары қарай ауыл жастары мен өнерпаздары ұсынған сахналық қойылым мен концерттік бағдарламаны тамашалаған жұртшылық қол соғып, дән ризашылығын білдірді.

Аталмыш мерекеге орай белсенді ауыл тұрғындары бірігіп, қайырымдылыққа, сауапты іске ұмтылуды мақсат тұтып, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына бас сұқты. Жадыраған жүздерге қуаныш сыйлауға асыққан бір топ ауыл жастары жасы үлкен әжемізге орамал жауып, үй-ішіне тәтті-дәмділерден сыйларын таратып, жүрекжарды лебіз бен елдің ақ батасына бөленді. Алдағы уақытта да ауылдағы белсенді тұрғындар легі барынша бұл үрдісті кеңінен қолға алуға ниет қылды. Осы орайда бастаған игі істерді қолдау көрсеткен барша жастар мен ауыл тұрғындарына алғысымыз шексіз.

Еркебұлан Өтебаев,

Сафон ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521