Әлеуметтік саланың білгірі – Айгүл

(0 Votes)

Көктемнің осы бір әдемі, шуақты сәтінде бір қолына отын, бір қолына түздегі қызметін қатар ала жүріп, шаруа тінін шырқ үйіретін іскер де еңбекқор әйелдерді кейінгі сіңлілеріне үлгі тұтқанның еш артықшылығы болмас деген ойдамыз. Өз өмірін жаны қалаған мамандығына арнап, халық игілігі үшін тынбай еңбектеніп, өз саласының ажырамас бөлігіне айналған Айгүл Мәденқызы Сейтжановаға қандай мақтаулар айтсақ та өзіне жарасымды.

Ол аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі.

Кейіпкеріміз 1968 жылы 16 қаңтарда Калинин селолық округінде дүниеге келген. Әкесі Мәден Сейтжанов кеңшарда механизатор болған қарапайым еңбек адамы болса, анасы Бәтима Малдыбаева саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, осы жолда маңдай терін төгіп, шәкірттеріне жан шуағын шашқан асыл жандардың бірі. Олар кіндіктерінен тараған алты баланы тәрбиелеп өсіріп, шама-шарқы жеткендерінше оқытады. Ата-ананың басты тілегі де сол емес пе, баласының ержетіп, жақсы азамат болып қалыптасуы. Үйдің бас көтерген тұңғышы болғандықтан Айгүл де кішкентайынан әкесі мен анасының қолқанаты болып, бауырларының өмірден өз орындарын табуларына септігін тигізеді.

Орта мектепті аяқтағаннан кейін, Талдықорған қаласының заң техникумына оқуға түсіп, білімін жалғастырады. 1987 жылы алғаш еңбек жолын Гурьев облыстық төлем орталығында инспекторлықтан бастаған Айгүл ұжымда білікті маман, қабілетті ұйымдастырушы ретінде бірден танылады. «Жас кезінде үлкен іске құлаш сермемеген жаннан жасы ұлғайғанда үлкен нәтиже күтудің өзі бекершілік» деп білетін ата-анасы балаларын еңбексүйгіштікке, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға баулыған еді. Осы отбасынан алған тәлім-тәрбие, әке мен ананың ұстанған қатаң қағидасы туған перзентін тек алға ұмтылдырып, биіктерге жетеледі.

1989 жылы Озат Иманғалиев есімді азаматпен отау құрып, өмірге ошақтың үш бұтындай екі қыз, бір ұл әкелді. Көкірегі ояу, көзі ашық, саналы, білімді әйел, ибалы келін, сүйікті жар, аяулы ана атанып, түздегі жұмысын абыроймен атқарады. Қолындағы ата-енесі Тілес пен Күнзира Айгүлді шаңыраққа келген күннен-ақ өз қыздарындай көріп, немерелерін өздері бағып-қағып, оның жұмысына кедергі келтірмеуге тырысты. Ол Теңіз аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде инспектор, кейін І санатты маман қызметтерін адал атқарып, саласының қыр-сырына қанығып, жетік меңгерді. Әріптестері әлі күнге дейін оның еңбекқорлығы мен табандылығына, сабырлылығы мен шыдамдылығына тәнті болады. Ата-ана тәрбиесінің арқасында Ренаты жоғары оқу орнын бітіріп, бірден еңбекке араласты. «Анасына қарап, қызын ал» деген қазақ мақалын санасына сіңірген ұлы жар таңдауда бағы жанған азамат. Тоғжан есімді келінді отбасына түсіріп, қазір олардан сүйген Нұрқанат, Мәулен сынды немерелер тәтті қылығымен үйдегі үлкен әжесі мен ата-әжесін еріксіз баурайды. Ортаншы қыз Гүлжанаты жоғарғы оқу орнында білім алып жатса, кенжесі Лаура Манаев мектебінің 9 сынып оқушысы.

Ісіне мығым, жаны жомарт, көмекке әрдайым дайын тұратын Айгүл тәлімгер болып, қызметке келген талай жас кадрларға білгенін үйретуден жалықпады. Саланы жіліктей шағатын бесаспап маман өзінің мектебінен шығып, біршама жетістіктерді бағындырған Қарлығаш Нұрмұханова, Асхат Елеуов, Нұргүл Қабдолова, т.б. шәкірттерін мақтанышпен айтады. Бүгінде 15 жылға жуық уақыт бойы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі қызметін атқаратын Айгүл қарамағындағы Гүлсара Измұханова, Гүлім Ержанова сынды мамандардың біліктіліктері мен жұмыстарына деген ұқыптылықтарын өзгелерге үлгі етеді. Әркез бар ынта-жігерімен сүйікті қызметіне жан-тәнімен берілген Айгүл Мәденқызы аудан бойынша аз қамтылған отбасыларға түрлі төлемдер жасап көмек көрсетумен көптің алғысына бөленген. Жұмыспен қамту орталығының мамандарына да құжатты қабылдау, тағайындау, базаға енгізудің жан-жақты қыр-сырын меңгертіп, қадағалауынан тыс қалдырған емес.

Қазіргі таңда ол еңбек жолының талай белестерін артқа тастап, марапаттан да кенде қалған кезі болған жоқ. 2010 жылы ауданның үздік әлеуметтік сала қызметкері атағын жеңіп алса, екі мәрте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2011 жылы ауданның Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Одан басқа атаулы мерекелік даталарға орай түрлі Құттықтау хаттар табысталды. 2017 жылы оның өңіріне «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» медалі жарқырай тағылды. Мұның өзі мамандығымен біте қайнасқан жанның еңбегі ешуақытта елеусіз қалмағаны.

Шағын мақаламыздың кейіпкері тағдырдың берген әр күніне, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қарбалас жұмысына риза болып, шүкіршілік етумен келетін өнегелі ана, үлгілі басшы болып отырған нағыз белсенді, иманды, инабатты қазақ әйелі. Біз де көктемнің жайдарлы мерекесімен оны құттықтай отырып, көрер қызығыңыз ортаймасын, басыңыздан бақ таймасын дегенді тілек етеміз.

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521