Әлеуметтік қолдаудың әлеуеті кеңейеді

(0 Votes)

Бала адам өмірінің баға жетпес байлығы мен қазынасы.

«Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен көрікті» дегендей, адам ұрпағымен мың жасайды. Ұрпақ өмірдің жалғасы. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп ұрпағын бақытына теңеген қазақ халқы ешқашан бала санына шектеу қоймаған. Бала деген сөздің өзі болашақтың баламасындай. Содан болар, атамыз қазақ қашанда ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы деп қарайды. Біз солар арқылы еліміздің ертеңін қалыптастырамыз. Ал олардың бүгінде материалдық жағдайын, заман талабына сай сұранысын қамтамасыз ету кез келген ата-анаға оңай соқпайтыны анық.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жаңаша механизммен жәрдемақы төленеді деген жағымды жаңалыққа шын жүректен қуанғандардың бірімін. Өйткені, бес баланың анасы болғаныммен жолдасымның табысы және шағын шаруа қожалық иесі болуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алуға ілікпеген едім. Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың кешегі мәлімдемесі мен сияқты бала тәрбиесі, үй шаруасымен айналысып отырған әйелдерге жаңаша леп берді деп ойлаймын. «4 немесе одан да көп кәмелет жасқа толмаған баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге», - деген болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Сонымен қатар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама да енгізілмек екен. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейту ұсынылады. Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады», - деді министр. Оның атап өтуінше, оқушы балалар үшін мектепте тегін ыстық тамақты, күнделікті мектепке барып-келу тегін жол жүруді, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдарын алуды мемлекет есебінен беру көзделеді. «Осылайша атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады. Егер көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны ала отырып, аз қамтылған отбасы мәртебесінде қала беретін болса, ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, бұл жанұяға атаулы әлеуметтік көмек пен балаларына кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын көмек тағайындалады», - деген болатын Б.Нұрымбетов.

Әрине, нарық заманында әр азаматтың жақсы табыс тауып, бақуатты өмір сүруіне ешқандай кедергі жоқ. Алайда, мемлекет көп балалы отбасылар мен аналарға мықтап көмек көрсетуді қолға алып отыр. Қазір өңірде халықтың аз қамтылған бөлігін қолдауға қатысты жүзеге асқан шаралар тұрақты, әрі жүйелі сипат алып келетінін көріп отырмыз. Сондықтан, біз Үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты, игі бастамаларды айқын сезінудеміз деп толықтай айтуға негіз бар.

Алтынтілек Исалиева, көп балалы ана,

Жамбыл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521