Әлеуметтік көмек – тек зәру адамдарға

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-ші қадамында айтылған әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған түрі - жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталды.

Ол тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана беріліп келеді. Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. 2018 жылға республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 28 284 теңге, осыған орай ағымдағы жылдың 4 тоқсанына қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері 14 142 теңге. Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарады. Адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасының әрбір мүшесіне есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептейді.

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі. Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың қатысуы. Бұл дегеніміз бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді, яғни жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен қайта даярлау курсына, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық, тұрақты жұмыстарға орналастырылады. Осы мақсатта әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі. Шартты ақшалай көмек ай сайын немесе өтініш берушінің арызы бойынша біржолата үш ай үшін төленеді.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

І және ІІ топтағы мүгедектерге, күндізгі нысанда оқитын оқушыларға, студенттерге, тыңдаушыларға, курсанттарға, және магистранттарға, екі айдан астам уақытқа уақытша еңбекке қабілетсіздік орнатылуы мүмкін аурулары бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі балаларға, мүгедек балаға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, күтімге және көмекке зару 80 жастан асқан қарттарға күтімді жүзеге асыратын адамдарға, тұрақты жұмысы бар адамдарға шартты ақшалай көмекті төлеу үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу міндетті болып табылмайды.

Жыл басынан бері жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекті 312 отбасынан 1765 адам алып келеді, оның шартты түрін 282 отбасынан 1626 адам алса, шартсыз ақшалай көмекті 30 отбасынан 139 адам алды. Шартты ақшалай көмек алушылар ішінен 61 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 128 адам тұрақты жұмысқа орналасты, әлеуметтік жұмыс орнына 4 адам, қайта даярлау курсына 3 адам жолданды. Бұл көмекті алушылар көп балалы, жалғызбасты, табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар.

А.Сейтжанова,

аудандық жұмыспен қамту,

әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521