«Өлеңнен тұмар таққан жыр Маржаны»

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Өлеңнен тұмар таққан жыр Маржаны» атты филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері, Қазақстан және Еуропа Жазушылар одағының мүшесі, ақын, драматург, аудармашы, прозаик, сатирик Ершу Маржан Аманқосқызымен кездесу кеші өтті.

Оның шымылдығы дәстүрлі әнші Нұрболат Исаевтың орындауында дарынды журналист Қанат Ғұмаровтың сөзіне жазылған «Арнау» әнімен ашылды.

img_6256

Жүргізуші Болат Бидоллаев «Қазақ поэзиясы бүгінгі күні азуын айға білеген ақындардың бірі ретінде Маржан Ершуді (Айек) танимыз. «Әйек» есімін Сұлтан Бейбарыстың анасының аты екенін де тілге тиек ете келе, «Маржан поэзиясы өршіл рухымен ерекшеленеді, ақынның жырларында отаншылдық, өрмінезділік пен ұлттық рухтың жалыны бар» дей келе, поэзия мен прозаны қос қанатындай көрген кеш қонағын қошеметпен сахна төріне шақырды.

img_6258

Әдебиеттегі алдыңғы толқын аға-апалары «Жайықтың жыр Маржаны» деп атаған өр мінезді ақынның өлеңдерінен Махамбетке тән қайсарлықты, Фариза апамызға тән нәзіктік пен тектілікті көреміз. Бүгінге дейін оның бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Дәулескер күйші Дина шешеміз туралы «Дина» аталған алғашқы мистикалық драма жазды. Атақты Махамбет бабамыз жайында «Қайран, Нарын» атты тарихи драмаға қалам тербеді. Айша бибі мен Қараханды сомдаған «Махаббат туралы аңыз» трагедиясының авторы атанды. Одан бөлек, Бауыржан Момышұлы, Хиуаз Доспанова және Тоқтар Әубәкіров секілді ардақтыларымыздың өмірін поэмаға айналдырды. Дауысы ерекше талант Ерік Құрманғалиев туралы тамаша кітап жазды. Әлемге әйгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты, Орхан Памуктің «Сезім музейі» кітабын тамылжытып тәржімалады. Түрік поэзиясының ақындарын ана тілімізде сөйлетті.

img_6280

Әдеби кеште алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев: - Талай дарындардың тұсауын кесіп, қияға самғатқан киелі күй елі сіздің талантыңызға бас иіп, зор қошеметпен қарсы алады. Өйткені, поэзия әлемінің аспанын жарастырған жарық жұлдыздардың арасынан өзіңізді тым ерте даралап, ақын Фариза, Ақұштап апаларымыздың Жұмекен, Рақымжан ағаларымыздың заңды жалғасы екендігіңізді Алаш жұртына жастай ұқтыра алдыңыз. Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойыңызға біткен ақындық қасиетіңіз арқылы өзгенің ізінен бөлек, өз сүрлеу соқпағыңызды салып, үніңізді өзгеше естіртіп жүрсіз. Қарымды қаламыңыздан қағаз бетіне әдемі өрнек болып төгілген «Дариға ғұмыр жыр - жүрек», «Шырақ», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Пырақ» сияқты басқа да жыр жинақтарыңыз қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған шаң баспас жауһарлары деп түсінеміз. Жыр бұлағыңыз тартылмасын, оқырманға ой салатын, жүрекке жетіп, жан сарайында тұрақтап қалатын тамаша туындыларыңыз көбейе берсін, - дей келе, кеш қонағының иығына қамзол жауып, аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады.

img_6281

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова ақын шығармашылығына арналған «Өлең өлкесінің ақ Маржаны» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

img_6272

Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы: - «Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар, Қарасаң, аспанда да алалық бар. Біреуде жас та болса, даналық бар, Біреуде қарт та болса, шалалық бар» деп үлкен философиялық тұжырымды бір шумақ өлеңмен жеткізе білген замандасымыз, белгілі ақын Аманқос Ершуовтың қызы Атыраудың ару Маржаны ортамызда. Дарынды ақын осындай ұлағатты әкеден тағылым алған. Бірақ бүгін ол әкенің абыройын ерттеп келген жоқ. Маржан өзінің шырқау биігіне шығып арамыздан табылып отыр. Оның поэзиясы өршілдігімен ерекшеленеді, жалынды жырларында ұлттық рух атойлап тұрады. «Бармасаң білмейсің, жүрмесең көрмейсің» дегендей, елді аралап, жырсүйер қауыммен кездесіп, өзіңді көрсету нағыз ақынға тән қасиет деп есептеймін. Аудан тұрғындары сені «өзіміздің Маржан» деп құшақ жая қарсы алып, ерекше ықылас-пейілдерін көрсетуде. Кеш иесі өзінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилімен ерекшеленген шығармашылығында ғылыми жұмыспен айналысуға ден қойған. Ол жоғымызды түгендеп, асылдарымызды болашаққа танытуға ұмтылып жүр. Соның бір көрінісі – Ерік Құрманғалиев. Ол Әміреден кейінгі Димаштың алдында Францияда өзін танытқан қазақ даласының дарынды бір ұлы. Бүгінде Маржан осы ұмытылып бара жатқан феноменді ортамызға қайтадан алып келді, - дей келе, ақжарма тілегін білдіріп, естелік сыйлығын ұсынды. Ардагер ұстаз Ғарифолла Оралбек сахна төріне көтеріліп, Маржанның әкесі, марқұм Аманқос Ершуовпен жоғары оқу орнында бірге оқығанын тілге тиек етіп, студенттік кезеңдерін еске алды. Оның да шығармашылық өрнегі жайында парасатты ой өрбітті.

img_6294

Кеш барысында Маржан Ершудің «Фолиант» баспасынан шыққан «Феномен – Ерік» кітабының тұсаукесер рәсімін аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев пен академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы жасады. Оқырманын жауһар жырларымен сусындатып жүрген жас ақын қыздарымыз Руслана Амангельдиева, Аяжан Жеткеншек кеш қонағына және біртуар талант Ерік Құрманғалиевке арнаған сиясы кеуіп үлгермеген жаңа өлеңдерін тебірене оқыды. Сыр-сұхбатпен жалғасын тапқан кездесу шарасында Маржан Ершу табиғи таланты арқылы күллі әлемге теңдесі жоқ даралығымен ерекшеленген өзінің жерлесі Ерік Құрманғалиев жөнінде айтып өтуді жөн көрді. - Феномен атанған, Гиннестің рекордтар кітабына енген даңқты жерлесіміз Ерік Құрманғалиев Кеңес Одағында ол «орыс әншісі» боп саналды және Мәскеу үшін үлкен мәртебе болды. Екі ғасыр бұрын тек Италия елінде сондай дауыс болған екен. Аталған мемлекетте ұл баланың әсем дауысын мәңгілікке сақтау үшін жантүршігерлік әдіспен болашағын құрбандыққа шалған. Ал Еріктің даусуы сол бір қайталанбас дауыс санатынан. Сондықтан да, ол бағалы. Өнері озық, мәдениеті жоғары дамыған елдер Ерік Құрманғалиевты көкке көтерді. Даңқын аспандатты. Алайда, қазақтың маңдайына біткен дара тұлғаның өмір жолында талай қиындық кездесті. Міне, бұл кітабымда талант табиғаты,оның тағдыры мен трагедиясы баяндалады, - дей келе, ақындыққа келу жолы, ұстазы академик Зейнолла Қабдолов, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова туралы ыстық ықыласқа толы естелігінен сыр шертті. Кешке жиналған жырсүйер қауым Маржан өлеңінің бақша сарайынан жандарына қуат алып, бір серпіліп қайтты.

img_6301

img_6308

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521