Коворкинг орталығы ашылды

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында аудандық орталықтандырылған кітапханада Коворкинг орталығы ашылды.

«Коворкинг» сөзі бірлесе жұмыс жасау деген мағынаны білдіреді. Заманауи орталыққа келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасалған. Жайлы орында емін-еркін сұхбаттасып, караокемен ән шырқап, ыңғайлы жұмсақ орындықтарға жайғасып жедел интернетті, ақысыз Wi-Fi, Skype, принтерлер мен сканерлерді қолдана алады. Сондай-ақ жастардың осындағы интернет желісін пайдаланып кездесулер, семинарлар, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіп, кеңес құруларына, идеяларын талқылауға мүмкіндігі мол. Жобаның мақсаты барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың заманауи үлгісін құру.

Шарада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев орталықтың ашылуымен құттықтап: - Қазіргі заманауи технологиялардың дамыған уақытында халыққа қолайлы орта жасау, сауатын арттыру мақсатында көптеген игі істер жүзеге асып келеді. Елбасымыз 22 жобаны жүзеге асыруды партияның алдына міндет етіп қойып, тапсырма берген болатын. Оның бірі «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында еліміздегі кітап қорын жүйелендіріп, электронды форматқа көшіріп, онлайн режимін енгізу. Яғни, бұрынғыдай әр кітапхананы аралап өзіңізге керекті оқулықты іздеп жүрмейсіз, бір жерде отырып-ақ қызықты кітаппен, ақпаратпен танысасыз. Бұл жоба жастардың кітапқұмарлығын арттыруға, оларға қолжетімді орта қалыптастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, ұлттық ойындарымызды насихаттауға, кітапханаға келушілер санын арттыруға бағытталған, - дей келе жаңа орталыққа келушілер көп болсын деп, қызметіне сәттілік тіледі.

Орталық алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев пен аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Ақынжан Құсайынов қиды.

Келесі кезекте аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Бақыт Ғабдолова ашылу рәсіміне қатысушыларға рахметін айтып: - Алға қойылып отырған мақсаттың бірі – ауылдық кітапханаларға интернет желісін жеткізу, бұл жөнінде бюджетке өтінімдер бердік. Мың адамнан кем емес тұрғындары бар ауылдарда осындай орындар болуы тиіс. Қазір заманауи үлгілерді жұмысымызға енгізіп отырмыз. Мұның бәрі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алады. Осы шараға жастар қатысып жатқанына қуаныштымыз. Орталықтың жұмысы барысында шеберлік сыныптарын өткізу, түрлі ойындар ұйымдастыру басқа да жоспарларымыз көп. «Жас Отан» Жастар қанатымен меморандумға қол қойдық. Оның ішінде де бірлескен түрде әртүрлі шаралар өткізу қамтылған. Сканер аппараты жетіспей тұр, оған бюджеттік өтінім берген едік, ол 6 млн. мен 14 млн. теңге арасында. Сонымен қатар барлық кітап сканерлеуден өтпеуі мүмкін, себебі Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқық туралы заңы бойынша автор немесе оның ұрпақтары рұқсатын берген жағдайда ғана цифрландырылады. Бұған әзірге мүмкіндігіміз шектеулі. Дегенмен, оны бюджеттік өтінім беріп, өзіміздің Ұлттық кітапханамызда жасалған бағдарлама арқылы жүзеге асыратын боламыз. Сонда еліміздегі кітапханалардағы қорды электрондық форматта көреміз. Аудандық балалар кітапханасы жөндеуден өткеннен кейін ол да онлайн орталыққа айналады. Себебі республикалық тізімге кірген. Алға қарай е-gov электронды үкімет порталы арқылы барлық қызметті пайдалану мүмкіндігі жасалады, - деп жастарды кітапханаға жиі келіп тұруға шақырды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521