Келер жылдан не күтеміз?

(2 Votes)

«Ескі жыл есірке, Жаңа жыл жарылқа» дейтін халықпыз. Басталар жылға зор үмітпен қараймыз.

Жалпы болашаққа деген сенім рухымызды асқақтатып, көңілімізді серпілтеді. Арамызда «Келесі жылы осылай етпесем...» деп армандамайтын адам кемде-кем шығар. Әрине, туған жерін сүйетін әрбір азамат қара басының қамымен шектелмей, келер жылы ауданымыздың дамығанын, өркендегенін, көркейе түскенін қалары анық. Кіндік қаны тамған жері үшін аянбай еңбек етіп жүрген, оны жанындай сүйетін, бойына отаншылдық сезім терең ұялаған азамат, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміровтен келер жылы жасалар жұмыстардың жоспарымен бөлісуін сұрағанбыз. Жандос Мнафихұлының жан-жақты маман екенін, өзінің білімі мен біліктілігін дамытып, заман талабына сай жұмыс жасай алатынын, түрлі заңдарда болып жататын өзгерістер мен толықтырулардан дер кезінде хабардар болып отыратынын бұл қызметке келместен бұрын білеміз. Тұлпар оза шауып бәйгеге бірінші келуі үшін оның төрт тұяғы сау болуы тиіс қой. Өкінішке орай, кең ауқымды ойлаудан ада, ешқандай жоспары жоқ, айтқан тапсырмаларды орындаумен ғана шектелетін, іскерлік қабілеті өзі басқарған саланы алып жүруден аса алмайтын басшылар да болады ғой.

Құрманғазы ескерткіші керек

«Іргедегі Ресейдің Астрахан қаласында даңқты күйші Құрманғазының салт атты биік ескерткіші тұр. Аудан орталығында мүсіні ғана орнатылған. Оның өзі аласа болған соң биіктеткіздік. Күйшінің туған жерінде тұрып бір ескерткіш орнатпаған елдігімізге сын. Бұл жөнінде аудан әкіміне айттым. Демеушілерге шығып көрдік, бірақ мүсіндей емес, ескерткішті жасауға рұқсатты жоғары жақтардан береді екен. Алға қарай қолға алғалы отырмыз. Әйтпесе, жаңа шаңырақ көтерген жастар анау мәдениет үйінің алды мен әкімдіктің алдындағы шыршаның қасына ғана суретке түседі. Басқа баратындай көрікті жер көзге көрінбейді. Біз шекарадағы елді мекенге жатамыз. Елімізге кірген шетелдіктер ауданымыз арқылы өтеді. Сондықтан болашақта көк туымыз желбіреп, абыройымызды асқақтатып, Тәуелсіздігімізді паш етіп тұратын биік Ту тұғырын орнату да ойымызда бар» - дейді Жандос Мнафихұлы.

Құжаттары жасақталады

Сонымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміровтен алған мәліметтерді сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Алайда, шұбыртып цифр жазбай атқарылатын жұмыстарды жалпылама сипаттағанды жөн көрдік. Білім саласы бойынша жаңа жылда Лабай орта мектебі пайдалануға беріледі, Жаңаталап ауылдық округінен Дәулеткерей атындағы балалар саз мектебінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар (ЖСҚ) жасақталады. Жалпы 2019 жылы мұндай ЖСҚ Бірлік, Көптоғай, Теңіз, Байда ауылдарынан 200, Дәшін ауылынан 400 орындық мәдениет үйлерін салуға да жасалғалы отыр. Одан өзге, Орлы ауылынан екі пәтерлік 1 тұрғын үй, Қиғаш, Жұмекен ауылдары, Құрманғазы ауылының Шипажай елді мекенінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, Құрманғазы ауылынан кәріздік тазарту имаратының, аудандық әкімшілік, аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына, Азғыр аймағына жоғары кернеулі электр желісі құрылысына да осындай құжаттар дайындалады. Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-4 бекет-Қиғаш автомобиль жолын қайта жаңғырту, Шортанбай-Жыланды елді мекендерін Шарон өзені арқылы қосатын, Құрманғазы ауылындағы Бұзауслан өзегі арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, Затон учаскесіне кірме жол және автокөлік көпірі (2,3 шақырым) бойынша да ЖСҚ жасақталады.

Құрылысы басталады

2019 жылы ауданымыздың сәулеттік келбетіне сән қосатын, елге қызмет ететін жаңа құрылыстардың да басталар сағаты соғады. Олардың кейбірін атап өтсек, Асан ауылында медициналық пункттің, Ақкөлде спорттық ангардың, Қиғаш өзені бойында су басып кету қаупінен қорғайтын бөгеттердің, Жыланды-Нұрпейісова ауылдарының кентаралық жоғары қысымды газ құбырының, Жұмекен ауылындағы Дәулеткерей, Көнеу елді мекендерінде ауылішілік су құбыры желісінің құрылысы басталады.

Қайта жаңғыртылады, жөнделеді

Нарық заманында қолда барды ұқсата біліп, күтіп ұстаған, қажетті жөндеулерін жасаған да артық етпейді. Оған жаңасын салғандай қыруар қаржы кетпейді. Ақкөл ауылындағы су тазарту қондырғысы, Жасталап, Жыланды, Құрманғазы, Сафон, Бірлік, Котяевка ауылдарына кіреберіс және ауылішілік жолдар жаяу жүргіншілер жолымен (тротуар) қоса қайта жаңғыртылады. Облыстық маңызы бар Құрманғазы-Теңіз-Бірлік-Байда автомобиль жолының 0-29 шақырым учаскесі, Котяевка-Шортанбай автомобиль жолы мен Шортанбай ауылының ауылішілік жолы күрделі жөндеуден өтеді.

Түйін

Көріп отырсыздар, келер жылы бірқатар жұмыстар қарқын алмақ. Мұның бәрі халық игілігі үшін атқарылады. Алға қарай бұл тізім толыға түсуі де мүмкін. Ең бастысы жыл сайын ауданымыз алға басу, даму үстінде. Қақпамызды қаққалы тұрған жыл әр отбасына бақыт, денсаулық, толағай табыстар сыйлап, еліміз дамып, өркендеп, ырыс-берекеміз арта берсін!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521