Кадрлық резервке үлкен мән беріледі

(0 Votes)

Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толады. Осыған орай партияның Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақберген Қарабаев ауданымызда болып Еңбекші ауылдық округінде кездесу өткізді.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, округ әкімдері, партияның бастауыш ұйым төрағалары мен мүшелері, қоғамдық ұйым басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Шараны

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев ашып, күн тәртібімен таныстырды. Алғашқы кезекте Еңбекші бастауыш партия ұйымының төрағасы Руслан Әмірханов хабарлама жасап, партияның алға қойған мақсаттары мен бағыттарын таныстырды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев хабарламасында өткен жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып: - Партияның Құрманғазы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2018 жылдың 12 айында 149 азамат өтініш білдіріп, оның 32-сі оң шешімін тапты. 117 азаматқа заңды түсінік берілді. Кесте бойынша аудандық филиалдың төрағасы, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудан әкімінің орынбасарлары аудан тұрғындарын жеке шаруаларымен қабылдады. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаттары өздерінің сайланған учаскелерінде партиялық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссияларымен, дербес бөлім басшыларымен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп халықпен кездесулер өткізді. Фракцияның жұмысына аз-кем тоқталатын болсақ, партия филиалының саяси кеңес бюросы, фракция мүшелерінің отырыстары жоспарға сәйкес әр тоқсан сайын ұйымдастырылады. «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарға өз үлестерін қосып, белсенділік танытып келеді, - деп, кейбір бастауыш партия ұйымдарының қызметін әлде де пысықтау, ыждағаттау қажет екенін жеткізді. Алда үлкен семинар өткізіп олардың жұмысын жандандырып, кеткен олқылықтардың орнын толтырғалы отырғандарынан хабардар етті. Бірлескен жұмыстары жақсы бағаланғаны үшін бастауыш партия ұйымдарының мүшелеріне ризашылығын білдірді.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақберген Қарабаев: - Партиямыздың төрағасы Н.Ә.Назарбаев біздің кадр саясатына, оның резервіне үлкен мән беруіміз керектігін айтты. Қазір қалада 89, аудандарда 478 кадрлық резерв қалыптастырдық. Соған байланысты ротациялық және басқа да өзгерістер жүзеге асырылады. Бұл бағытта мемлекеттік, үкіметтік кадрлық резервті негізге ала отырып жұмыс жасау мәселесі алға қойылып отыр. Мемлекеттік кадрлық резервтермен қалай жұмыс жасаймыз? Депутаттық есепті қалай ұсына аламыз? Осы жерде заңдар бір-біріне қарама-қайшы келмей ме? Міне, бұл мәселелерге қазір үлкен талдаулар жасалып жатыр. 27 ақпанда өтетін съезде бәрі айқындалып, өз нәтижесін береді деген үміттеміз. Онда жеті мәселеге кейбір өзгерістер енгізіледі, толықтырылады деп есептейміз. Биылғы жылы 1 наурызда партиямыздың құрылғанына 20 жыл толады. Алғашқыда штаб, қозғалыс ретінде қалыптасқанын, қалай жетілгенін білесіздер. Қиын кездерден өттік дегенімізбен, қазір әлемнің бірнеше елінде экономикалық дағдарыс орын алып отырғаны өздеріңізге жақсы мәлім. Елбасымыз оның залалының алдын алу мақсатында үлкен бағдарлама жасады. Нәтижесінде біз көптеген қиындықтардан шығып кеттік, - дей келе басқа да бірқатар мәселелерге тоқталды. Сөзінің соңында 14 ақпанда Атырау қаласында партияның үлкен конференциясы өтетінін, съездге облыстан 46 адамдық делегация қатысатынын қаперге берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521