Кәсіпкерлік – алыпсатарлық емес

(0 Votes)

Өткен әзірде аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес аудан кәсіпкерлерімен ашық сұхбат өткізу іс – шаралар жоспары аясында аудан әкімі Бибоз Шаяхметовтың қатысумен өткен кездесудің есебі «Серпердің» 14 маусым күнгі 24-і санында жарық көрді.

«Көкейкесті» айдарымен берілген мақаламыздың тақырыбы да «Біресе өгіз өледі, біресе арба сынады, аудандағы кәсіпкерліктің жайы осындай» деп ақиқатқа негізделгеніне ешкім ренжи қоймас. Ондағы тақырыпшалардың өзі-ақ бұл ахуалдың жай-жапсарынан хабар бергендей. Атап айтқанда: «Моншаға мұқтаж, қонақ үйі жайсыз ауылмыз», «Такси бағасы шарықтап тұр», «Кепілдік мәселесі шешілсе», «Тойханада толған бала».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлік саланы ешқашан назардан шығарған емес. Жыл сайынғы Жолдауларында осы арқылы экономикамызды көтеріп, елдік әлеуетті одан әрі арттыруға болатындығын дәлелді уәждерімен ұғындырады. «Кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз тексермеңдер, олар белгілі бір тың іспен айналысып қарасын, сондықтан ешкімнен жалтақтамайтындай еркін болуы тиіс» сөзін қайталап айтудан жалыққан емес. Кәсіпкерлерді тексермеуге жарияланған мораторийлер бұл сөзіміздің кепілі. Өкінішке орай біздегі кәсіпкерлердің көбісі дерлік мұны түсінбей ме, әлде оңай жолы осы екен деп ізденіп, ілгерілеуге бас ауыртпай, тек аннан – мыннан тауар әкеліп, оны көтеріп сатудан әріге аса алмай жүр. Сол себепті де «моншаға мұқтаж, қонақ үйі жайсыз ауылмыз». Дұрысында кәсіпкерлік ол алыпсатарлық емес. Қысқа қайырып айтқанда тыңнан түрен салу, бір жерден арзанырақ алып, бізге қымбатырақ сату емес, мүлде. Мәселен, кәсіпкер Ақылбек Қайсағалиевтың өзімізден шығарып жатқан макарон өнімдерін, Гауһар Болатбаеваның нан – тағамдары комбинатының өнімін, талантты кәсіпкер Талғат Жұмалиевтың түрлі ағаштан жасалған өнерлік бұйымдарын, Ақылбек Қуанышалиевтың «Зере – су» цехының өнімін Елбасы қойып отырған талапқа толық жауап беретін, құрманғазылық кәсіпкерлердің отандық өнімі деп мақтанышпен ұялмай айтуға әбден болады.

Аудан кәсіпкерлерінен тұрғындардың тың қызметтерді дәм етуі теріс емес, біздіңше. Елбасыдан аудан әкімдігіне дейінгі билік қолдауындай-ақ қолдап, арнайы бағдарламалар арқылы субсидиялар, несие қаржы алдымен кәсіпкердікі деп отыр. «Кәсіпкерді тексеруші болма!» - деген талаптың өзі кім – кімді де жуасытып, оларды тайраңдатып-ақ қойды. «Мешкей» деген қай кезде де жақсы ат болмаған. Сондықтан, ел еңсесін көтеріп, келешегіміз – шағын және орта кәсіпкерлік деп сеніп отырғанда, сол сенімге селкеу түсірмеу парыз да қарыз емес пе? Сол себепті «Туған жер» бағдарламасы аясында туған ел төсінде Отан деген қасиетті мекенге тыңнан іс бастап, өнеге көрсететін кезің келді, кәсіпкер демекпіз. Судан алған балықты үстіндегі суын кептірмей сатып жіберу қашанға дейін жалғасады? Түрлі өнім жасап пұлдап өткізуге түгелімізбен кіріспейміз бе, аулаушылар! Кеңестік жүйе тұсында ауданда тоған шаруашылықтары болмады емес, болды. Шортанбайдағы, Сафондағыларының қирандысы әлі тұр қалқайып. Бұрынғы Калинин атындағы кеңшардың «Қанжыға» теліміндегі тоғанда өскен «Толстолов», «Амур» аталатын балық түрлерінің семіздігін айтып тамсанған көнекөздер түгелімен жерге сіңіп кеткен жоқ. Демек, ауданда тоған шаруашылығын өркендету тәжірибесі бұрыннан бар. Бірқатар азаматтардың «мен осыны құрамын» деп ентігіп келгендерімен мемлекет қолдап отырғанның өзінде тез райынан қайтып еңкейіп қалатыны түсініксіз.

Күрделі тұрмыстық техникаларды жөндейтін жібі түзу бір дұрыс орын жоқ. Өткен әзірде редакция есігін егде жастағы апай ренішпен ашты. «Серперге» тоңазытқыш, мұздатқыш жөндеймін деп жарнама берген азаматтар ұялы байланысқа шықпайды. Ар–зормен ұстап өлердегі сөзімді айтқан соң келді, қарады шұқылап–шұқылап әрі–беріден соң «2-3 күннен аспай хабарласамыз» деген, ұшты – күйлі жоқ, ұялы байланысқа жауап бермейді. Адам сеніміне қиянат жасайтын мұндай жалаң аяқ зырылдақтарға не істеуге болады, қарағым? – деп налиды апайымыз. Тіл ұшымызға құдай жазасын берер деген сөз орала кетсе де олай деп айтуға қаракөз ұрпақтарды қимадық. Қолға алып істеймін дегендерге нәсіп болар кәсіп түрі аз ба? Көлік жуатын орын бар да, костюм тазалайтын орын неге жоқ? Тұрғындар химиялық тазарту орнынан көптен дәмелі. Өркениетке бет бұрдық, қажеттігі сөзсіз. Орынды сұраныс.

Бұл да тиыннан қомақты қаржы құрайтын шаруа. Ертеректе Нәбидолла Қисметов деген азаматтың аудандық тұрмыстық қамту комбинатында сарсылып сағат жөндеп, абыройдың биік төріне жайғасқанын білуші ек. Бұл қызмет те жасы ұлғайған онымен бірге зейнетке шығып кеткендей. Аудан орталығында сағат жөндеуші, токпен істейтін басқа да ұсақ–түйекті жөндейтіндер дұрысында болуы керек-ақ. Өкінішке орай, мұндайға білек сыбана кірісер жұмыссыздардың түрі, кәсіпкерлердің қыры жоқ. Біз, бұл мәселелерді көктен түсіріп ия жерден қазып тауып отырған емеспіз. Жұртшылықтың ортақ өтініші әрі елдегі басты саясат болған соң өз әлімізше қоғамдық ой – пікір ретінде көтерген түріміз. Ауданда құрылған кәсіпкерлік бөлімнің осындай көпшілік қажетсініп отырған шаруаларға шағын және орта бизнес өкілдерін икемдей түскені өздері үшін де абырой дегіміз келеді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521