Көрікті мереке - көрісу айт

(0 Votes)

Қазақ халқы үшін көрісер айттың орны ерекше.

Біздің бала кезімізде бұл күні адамдардың жүзі жайнап, үйінде қазаны қайнап, сары бауырсақтар дастарханға төгілетін. Ол кезде қазіргідей газ жоқ, далаға салынған қазанға қамыс жағылып, бәрі соған пісіріледі. Күліне таба көміліп, исі бұрқыраған, дөңгеленген сап-сары күндей нан шығып жатады. Соның алдында ғана сүт бетінен қалқып жиналған қою қаймақ ұзын сапты ағаш қасықпен шеңбер жасап былғанады. Біраздан кейін ол сары майға айналып, дастарханнан орын табады. Кейде қой сойылып, қонақ та шақырылады. Ағайын-туыс, көрші-көлем дастархан басына жиналып, әңгіменің тиегін ағытады. Үлкендер бас мүжіп, балаларға құлақ беріп, жастарға ас асатады. Замандас аға-апалар әзілдесіп, шай үстінде домбыра тартылып, ән де айтылады. Қонақ шақырмаған күнде де бірнеше күн бойы көрісе келушілердің қарасы үзілмейді. Кей жылдары жасы үлкендерге көрісіп, ағайын аралауды өзіміз бірінші болып бастап та кететінбіз. Кеңес Одағы кезінде де көрісер айттың елеусіз қалмағаны авторитарлық жүйенің қазақтың салт-дәстүрінің кейбіріне тыйым салғанымен оны ұлтымыздың санасынан өшіруге дәрменсіз болғанының бір көрінісі.

Көрісу айт адамдарды өзара сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет білдіруге тәрбиелейді. Жас ұрпақ үшін берері мол. Осы арада «Фейсбук» әлеуметтік желісінен оқыған бір аңыз ойыма түсіп отырғаны. Ертеде бір адамның отбасында бала тұрмай ұрпақсыз өтемін бе деп қатты қиналыпты. Өмірге келгені көп кешікпей шетінеп кете берген. Содан құдайға жалбырынып тілеген дұғасы қабыл болып, ұйықтап жатқанда түс көреді. Түсінде оған бір ұлды болатыны, бірақ ол он жыл өмір сүретіні жайлы аян беріледі. Кешікпей әйелі босанып ұлды болады. Бала сондай елгезек, тілалғыш болып өсіп келе жатады. Үйге кім келсе де дереу қолына су құйып, алдынан үлкен кездессе бұрылып барып амандасады. Әкесі одан айырылып қаламын деп уайымдап жүргенде бала он беске толады. Бір күні әкесі ұйықтап жатырғанда оған құдай: «Сен менің баламның өмірі он жылдан аспайды деп еді, ол қате болып шықты», - деп ойлап жүрген шығарсың. Иә, оған он жыл өмір жазғанбыз. Алайда балаң үлкендердің қолына су құйып, сәлемдескен сайын олар: «Балам рахмет, саған Алла разы болсын!», «Алла жар болып, өркенің өссін», деп бата берді. Менің бір есімім Халық! Сондықтан халықтың ақ тілегін қабыл етіп өмірін ұзарттым», - деген екен. Әрдайым үлкенді сыйлап, амандасып, батасын алып жүрген бала жақсы болып өседі. Көрісу айт осыған үйретеді. Бір жастарыңыз құтты болсын ағайын!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521