Күрделі жөндеуге терезелер кірмепті

(0 Votes)

Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров мемлекеттік сатып алу заңнамасы аясында атқарылатын жұмыстар туралы хабарламасында мектептердегі күрделі жөндеулерге, қысқа дайындық пен қыр өңіріндегі білім ұяларын газбен жылытуға қосуға, бейне бақылау камераларын орналастыруға, жаңадан пәндік кабинеттер алу барысына тоқталып өтіп: – Білім бөліміне қатысты мекемелерде арнайы мамандар болмауына байланысты конкурстарды ұйымдастыруда қиындықтар көптеп кездеседі.

Мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сол себепті білім бөліміне қарасты мекемелер үшін заңгер мамандығы бойынша штат қаралуына ықпал етуіңізді сұраймыз, - деді.

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев құрылыспен айналысуды мектеп директорынан алып, құрылыс бөліміне беру жөнінде облыс әкіміне ұсыныс жасағанын айтып, кейбір мектептерде күрделі жөндеуге терезелер кірмей қалғанына қынжылыс білдірді. Жалғызапандағы мектепке газ тартуды мердігер мекеме жүзеге асыратынын жеткізіп, хабарламашыға соны бақылауда ұстауды тапсырды. Комиссия мүшелері Болат Жүгінісов, Өркен Тәжібаев кітап тендерін өткізу мен тасымалын ұйымдастыру, демеушілікпен салынған мини-футбол алаңдарын заңдастыру мәселелерін көтерді. Мәселеге орай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Хасанова, аудандық әділет басқармасының басшысы Әсел Дарғожина түсінік беріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

i

Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Марат Хасанов өз хабарламасында мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған жұмыстарды тілге тиек етті. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы нысаналы мақсатта пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтарып алу қажеттігін қаперге берді. Көптоғай, Жаңаталап, Сүйіндік ауылдық округтерінің әкімдері Батырбек Балтаев, Олжас Тәжібаев, Қанат Құлшар Көптоғайдағы жерін тапсырған үш шаруа қожалығының берешек салығын төлеуі қалай шешілетінін, Дәшін ауылы орталығындағы мал қораларын көшіру қиындық тудырып отырғанын, Жалғызапандағы шекаралық өткізу пунктін теңгерімге алу мәселелерін көтерді. Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Қ.Нұртаев сыбайлас жемқорлық орын алмауы мақсатында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер ХҚКО арқылы атқарылғаны жөн екенін жеткізіп, шешімін табуы үшін айтылған ұсыныстарды хаттамаға енгізуді тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521