Күмән мен күдік біржола сейілді

(0 Votes)

«Жер Қытайға сатылады, біраз аймақ солардың қолында екен» сынды алып-қашты әңгімелердің айтылып келгенін жасыруға болмайды.

Президент Қасымжомарт Кемелұлы жаңа Жолдауында бұл екұшты мәселенің нүктесін біржола, тапжылмастай етіп қойды. Сөзбе-сөз келтірсек: «Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалану – біздің міндетіміз. Жерді тиімді игеру мәселесі барған сайын өзектіленіп барады. Жағдай жерге салынатын салықтың төмендігімен ушығып отыр. Мемлекеттен ақысыз жер жалдау құқығын алғандар иелігіндегі жермен жұмыс істемей отыр. Елімізде латифундистар қатары пайда болды».

Президенттің бұл айтып отырғандары айна-қатесіз шындық. Алай-былай деп қарсы уәж айта алмайсың. Жер-жер деп ұрандағанымызбен ауыл-аймақта ұқсатып пайдалана алмай отырғандар жетіп артылды. Бұл мәселе бұған дейін де айтылып, жазылып та келді. Мыңдаған гектар қырлықтан жер алып жиырма шақты бас малымен отырғандар санын аз деуге келмейді. Шалқар шабындықтарды иелігіне қаратып, пішенін біреуге шаптырып, жартысын өзі алып, қалғанын дайындаған адамға беріп, жерді осылай пайдаланып келгендер әр округте бар. Сондықтан, мұндайлардан қайтарып алып, оны тиімді пайдаланатындарға беру – ең дұрыс шешім.

Жерді тиімді игеру – күн өткен сайын өзектіленіп барады десе Президент, осындай бассыздықты дөп басып отыр. Ақиқат ашылмай, айтылмай қалмайды. Біздің ауданда да мыңдаған гектарды алғанымен оның қайырын не өзі көрмей, не өзгеге бұйыртпай мәселені сотқа дейін ушықтырып отырған ағайындардың бары рас.

Жер шетелдіктерге сатылмайды, деген нақтылы әңгіме жаңа Жолдаудың өзегіне айналып, күпті көңілдерді тыныштандырды. Ал, қасиетті Жер-Ананы өзіміз қолжаулыққа айналдырмай тиімді игеру міндетіміз екенін түсінетін уақыт әлдеқашан жетті.

Руслан Сәуменов,

аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521