Күлдіре отырып, ойландырды

Аудан тынысы

Жыл сайын 27 наурызда бүкіл әлемде Халықаралық театр күні аталып өтеді. Бұл мерекені ауданымыздағы халық театрларының ұжымдары да биыл ерекше жағдайда қарсылады. «Ән мен әзіл» атты шоу бағдарлама түрінде өткен шараны Абай атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Р.Тоқаев жүргізіп, театр өнеріне еңбегі сіңген ардагерлердің есімдерін зор құрметпен атады.

Алдымен Киров халық театрының әртістері ғұмырлары телефонға байланумен өтіп жатқан үлкен мен кішіні сынға алып, бүгінгі заман талабына сай креативті шешімдерімен жұртшылықты сүйсіндірді.

Морской халық театры өз интермедиасында комедиялық жанрдағы қойылымын ұсынды. Ал Теңіз халық театрының жастары «Бармысың, бауырым?» телебағдарламасы желісінде қаңғыбастыққа салынған әкенің тағдырын суреттеп, көрерменді бір күлдіріп, бір жылатты. Ұлтымыздың нағыз бейнесі көрініс табатын мәдениет пен әдебиетті ұштастыра білетін театр өнерінің мәні мен маңызына тоқталған жүргізуші Р.Тоқаев оның қыр сырына қаныққысы келетін көрермендерге әлемде орын алған қызықты деректерден хабардар етті.

Әрбір қойылымның арасында Р.Сәрсенова, Г.Жұмалиева, М.Мәмбетов, Б.Нәбиева сынды аудандық өнерпаздар әсем әндерімен шара көркін қыздыруға атсалысып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Соңында Киров халық театрының әзіл мен күлкіге толы миниатюралық көрінісі тамашаланды. Шараны қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы З.Жоламанова өз сөзінде театр күні – тек кәсіби мамандардың ғана емес, күллі өнерсүйер қауымға ортақ мереке екендігін айтып, оның бүгіні мен болашағына, халықтың мәдени өмірінде алатын орнына тоқталды. Өз қойылымдарын нағыз әртіске тән кәсіби шеберліктерімен орындаған өнер ұжымдарына Құттықтау хаттар табыстады.

А.ШАКУПОВА.