Үйірлі шегіртке шекараны мойындамайды

(0 Votes)

Жыл сайын су қайтқаннан кейін үйірлі шегірткеден қауіп туындайды.

Бұл жәндіктер бір жылдары Ресейде көбейіп кетіп, одан бізге өтіп бұлтша қаптап көшіп жүрді. Оларды жою біраз күшке түскені ақпарат көздерінен белгілі. Содан бері шөп біткенді құртатын тойымсыз жәндіктерден келер қауіпті болдырмау күн тәртібінен түскен емес. Шегіртке шекараны мойындамайтындықтан облыс әкімінің орынбасары, облыстық штаб төрағасы Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен, Атырау облыстық аумақтық инспекциясы ұйымдастырған Құрманғазы ауданына қарасты Мақаш ауылдық округінде ұйымдастырған далалық штаб отырысына Ресей Федерациясынан «Россельхозцентр» ФМБМ Астрахань облысы филиалының басшысы Виктор Шляхов та қатысты.

i

Штаб отырысында облысымызда үйірлі шегірткеге қарсы атқарылатын химиялық өңдеу жұмыстары нақтыланды. Сондай-ақ басты мәселе ретінде осы тектес зиянкестерге қарсы тұру, онымен күрес жолдары, үйірлі шегірткенің белең алып кетпеуін қадағалау, онымен күресу үшін жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының барысы талқыланды

i

– Өр суы биыл аз келді. Осыған байланысты шегіртке тектес зиянкестердің шығатын аумағы ұлғаю қаупі бар. Сол себепті бүгінгі штаб отырысына бұл мəселенің алдын алу мақсатында жиналдық. Шегіртке көбейсе одан өңіріміздегі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы зиян шегеді. Оған жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек. Өз ұсыныстарыңыз болса, ортаға сала отырыңыздар. Атырау облысында үйірлі шегірткенің азиаттық шегіртке және итальяндық прус деп аталатын екі түрі кездеседі. Азиат шегірткесі көлтабандар мен қамысты алқаптарда мекен ететін болса, итальян прусы мал жайылатын жайылымдарда мекендейді. Басты мақсат олардың көбеюіне жол бермеу, - деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы.

i

Қазақстан Республикасы АШМ АӨК МИК-нің Атырау облыстық аумақтық инспекция басшысы Абат Жанғалиев бұл бағыттағы жұмыстармен таныстырып: – Жылда біздің инспекция өз жұмысын тиісті дәрежеде атқарып келеді. Биыл республикалық бюджеттен облыс бойынша, үйірлі шегірткелерге қарсы 8640 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Ол жер үсті тәсілімен жүргізілсе, қолайсыз көлік бара алмайтын жерлер әуеден жеңіл дельталет арқылы өңделеді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен саяқ шегірткеге қарсы 3540 гектарға химиялық өңдеу жұмысы жүргізілетін болады, - дейді

i

Штаб отырысына қатысқан «Россельхозцентр» ФМБМ Астрахань облысы филиалының басшысы Виктор Шляхов: – Үйірлі шегіртке шекараны білмейді. Бір орыннан екінші жерге ұшып-қонып, көшіп жүреді. Жолындағы шөп атаулыны түгел отайды. Астрахань облысы мен Атырау облысы іргелес орналасқаннан кейін бірлесіп күресейік. Бүгін сіздерде болса, ертең бізге қарай өтері айдан анық. 2017 жылы Дагестан аймағы жағынан маракандық үйірлі шегіртке ұшып келіп, соған қарсы тұрған болатынбыз. Ол шегірткемен күресу өте қиын. Сол себепті биылғы жылы да сол үйірлі шегірткенің күш алып кетуін тоқтату мақсатында, Астрахань облысында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, - деп «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өзара мәліметтермен алмасып жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды. Жиын соңында облыстық аумақтық инспекциясы үйірлі шегірткеге қарсы тұру үшін облыс көлеміне бүріккіш техникалар қажет екенін ұсыныс ретінде айтып, хаттамаға енгізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521