Әйел көшбасшылығына арналған тренинг

(0 Votes)

Әйел тек ана, ерінің жары ғана емес, ол барлық жақсылық атаулының жаршысы.

Мемлекетіміз гендерлік-отбасы саясатына, еліміздегі нәзік жандылардың жағдайын жақсартуға әрдайым баса назар аударып келеді. Расында да, бү¬гінгі әйелдердің саяси және экономикалық мәртебесін арттыру – уақыт талабы. Бұл мақсатқа жету жолында облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, ішкі саясат басқармасы, «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауданымызда әйелдердің көшбасшылық мектептерінің жұмысына жүйелі сипат беруге арналған тренинг өтті. Оған аудан бойынша саясаткер әйелдер клубы мен көшбасшы әйелдер мектебінің мүшелері, жеке кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты. Мақсаты – саясаткер-әйелдер клубтарының жұмысын жандандыру, қоғамдық-саяси салада ілгерілету мүмкіндігіне қол жеткізу үшін белсенді қыз-келіншектерді жинау арқылы олардың арасынан жаңа саяси элитаны қалыптастыру, ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке оқыту.

Тренингті ашып жүргізген Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина келу себептерімен таныстырып, «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясына» сәйкес облыс орталығында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталды. Уақытты тиімді пайдалану, жаңа заман әйел-көшбасшыларының имиджін қалыптастыру жөнінде ақыл-кеңесін айтқан Зәмзәгүл Хиданқызы мемлекеттік органдар басшыларының арасындағы әйелдер үлесін 30 пайызға жеткізу туралы Елбасы шешіміне ауыл әйелі барлық жағынан дайын болуы керектігін сөз етті.Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбай Шамбузов облыстан келген қонақтарды құрметпен қарсы алып, шараға сәттілік тіледі. Тренингте қыз-келіншектердің қоғамда тиесілі өз орындарын тауып, саясатты да, бизнесті де, ғылымды да жан-жақты меңгеріп, барлық салада ер азаматтардан қалыспай қызметтер атқаруы сөз болды. «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанар Ілиясова «Әйелдерді көшбасшылыққа дайындау» туралы тренинг жүргізді.

«Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, жеке кәсіпкер Фатима Төлеева аймақтағы іскер нәзік жандылардың жаңа тобын қалыптастыру мәселесін қозғаса, жеке кәсіпкер Гүлсім Байзақованың «Менторинг, бизнесті дамыту құралы» тақырыбындағы тренингі қатысушылар үшін қызықты болды. Соңында белсенділік танытқан қыз-келіншектерге арнайы сертификаттар табысталды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521