Қиындықтан шығар жолды таба білетін

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде Шортанбай ауылдық округінің әкімі Сәрсекей Нәбидоллаевтың зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдау өтті. Қабылдауды аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров ашып:

 

- Сізбен көптен бері жұмыстас болып келеміз. Елге жасаған қызметіңізді, халықтың алдындағы беделіңізді өте жақсы білеміз. Көптеген түйткілді мәселелер туындағанда тез шешім қабылдайсыз. Округ тұрғындарының сізді қолдайтынын, ұйымдастырушылық шеберлігіңізді 2016 жылы өр суы көп келгенде көрдік. Сол қиыншылықты өз күштеріңізбен жеңдіңіздер. Одан басқа да әртүрлі жұмыстарды бірлесе атқардық, - деп ризашылығын білдіріп құттықтау хатын,естелік сыйлығын табыс етіп, мерейгер мен жұбайына шапан мен камзол кигізді.

Бірлік, Дыңғызыл, Орлы ауылдық округ әкімдері атынан Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах құттықтап: - Сәрсекей ағамыз Отанға, елге адал еңбек еткен азамат. Кеңес Одағы кезінде, одан бергі Тәуелсіздік жылдарында үлкен ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Зейнеткерлік жасқа шыққанға дейін ауыл адамдарымен қоян-қолтық араласып еңбек еткен ақылшы ағаларымыздың бірі. Мен Сәрсекей ағаны өткен ғасырдың 1985 жылынан бастап жақсы танимын. Өздеріңіз білесіздер ауданда ол кезде он кеңшар, бес ұжымшар болды.Оқу бітіріп келгенімде «Көптоғай» кеңшарында автокөлік тұрағының меңгерушісі болып жұмыс жасап жүр екен. Бұл сол кезде шаруашылығы қиындау, егін, сүт өндірумен шұғылданатын кеңшар еді. Одақ тараған қиын шақта оның орнына құрылған «Көптоғай» ЖШС-нің директоры қызметін атқарды. Елдің қамын ойлап, азаматтарға жұмыс орындарын ашты. Әлі есімде, мен ол кезде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісімін. Халықтың күн көрісі қиындап, жалақысыз қалғанда Сәрсекей ағамыз Алматыға әдейі барып көріп келіп, темекі екті. Соны Астрахан облысына апарып 20 тонна күрішке айырбастап, оны сатып тұрғындарға жалақысын бергізді, - деп облыс әкімінің келісімімен тағы бір жылға қызметінде қалдырылғанына қуанышты екенін жеткізіп, жемісті еңбек, отбасына амандық тілеп, үш округ әкімдері атынан шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.

Осындай ізгі тілектер аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдрахман, Шортанбай балық зауытының директоры Болат Абдолов, Шортанбай ауылдық округі әкімі аппараты мамандарының да тарапынан айтылып, алғыс хаттар, естелік сыйлықтар ұсынылып, шапан жабылды. Соңында Шортанбай ауылдық округінің әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев өзіне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, көпшіліктің алдында өзімен бірге жұмыстас болып келе жатқан барша аға-іні әріптестеріне, Шортанбай ауылдық округ әкімі аппаратының мамандарына жақсы қызметі үшін алғысын айтты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521