Интернеттің жүрісі өгіз-аяң...

(0 Votes)

Ауданымыз бойынша интернет желісі мекемелерге мыс сымдармен келіп тұр. Бір компьютер болса ол тиімді. Десек те, кейде адамдар: «интернетті қосып бір жерге материал жіберейін десең «асылып» қалады», - деп ренжіп жатады.

Яғни тез арада ашылып немесе материалың кетіп болмайды. Ал, мекемелер мен мектептерде бірнеше компьютер қосылатыны өздеріңізге мәлім. Мұндай жағдайда мыс сымның өткізу қуаты шектеліп, интернеттің жылдамдығы мүлдем баяулайды. Әлденені электронды поштамен жіберу немесе бір құжаттың қажетті нұсқасын алу үшін мониторға телміріп біраз уақыттарын жоғалтады. Басқа жұмыстары жайына қалады. Кейбір округтер мен мектептердегі мамандарға осыдан қашып: «Материалыңызды электронды нұсқада жібере салыңыз», - десеңіз, «Бізде интернеттің жылдамдығы нашар. Қапелімде кетіп болмайды. Қағаз нұсқасын беріп жіберермін», - дейді.

Бүгінгідей ғылым мен техника қарыштап дамыған, Тәуелсіз мемлекетіміз цифрлық технологияға көшкелі отырған заманда бұл ұят та. Мемлекетіміз электронды байланыс жүйесін жетілдіріп, бәрін веб-порталдардан қарап, қажетті анықтамаларды электронды түрде алыңдар деп отыр. Оған қол жеткізу үшін мектептер мен мекемелерге талшықты оптикалық байланыс жүйесі тартылуы тиіс. Жүйе ауданымыздың территориясынан өтіп жатыр. Бірақ, сол барлық мектептерге тартылған ба? Бар мәселе осында ғой! Өткен сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы ақпарат және байланыс құралдары басшылары қатысқан селекторлық жиналыс өткізген болатын. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Осы жиналыста «Қазақтелеком» АҚ Атырау филиалының Атырау қаласы жергілікті желілер техникалық торабының директоры Нұрлан Мақұлов біздің ауданымыз жоғары жылдамдықты талшықты оптикалық байланыс желісімен (волс) қамтылғанын айтты. Азғыр өңіріне кең жолақты интернетті Батыс Қазақстан облысы Сайқын ауылынан, 120 шақырым жерден тартуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Аталған желі ауданымыздың өзге жерлеріне келіп тұр, бірақ сол кейбір мекемелерге түгел тартылмаған. Мектептер мен мекемелер оны мыс сыммен алып отыр. Осындай жағдайда жоғары жылдамдықты интернет болмайтыны анық. Мысалы, Абай мектебінде 15 орындық ІТ сыныбы биылғы қыркүйекте ашылады деп жоспарланған. Арнайы маман да оқытып алынған. 7-11 сыныптарға элективтік курс ретінде жүрмек. Ол үшін осы мектепке келіп тұрған интернет желісінің қуаты 40 мегаваттан кем соқпауы тиіс. Мыс сым ондай жылдамдықты бере алмайды. Әрі дегенде 8-10 мвт/с Интернет көлемінен аспайды. Сегіз мегаватыңды 15 компьютерге бөлсеңіз, оның жылдамдығы мүлдем төмендейтіні айтпаса да түсінікті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваның айтуынша ауданда Бегалиев орта мектебі ғана 8 мегаватт алып отыр. Ақкөл орта мектебі де тап сондай мөлшерге ақысын төлегенімен беріліп отырғаны 4 мегаватт. Одан төмен алып отырған мектептер де аудан көлемінде жеткілікті.

Селекторлық жиналыста аудан әкімі Бибоз Шаяхметов өзінің қолындағы деректермен «Қазақтелеком» басшысының айтқаны мүлдем сәйкес келмейтінін, аудан көлеміндегі мектептер кең жолақты интернетпен түгел қамтылмағанын, Ақкөл мен Көптоғайға сыммен жалғанғанын жасырмады. Өз кезегінде бұл Абай орта мектебінде ІТ сыныбын ашуға қиындық тудыратынын алға тартты. Мұны естіген облыс әкімі хабарламашыға сұрақтар қойғанымен қанағаттанарлықтай жауап ала алмады. Талшықты оптикалық байланыс жүйесі аудандағы мектептер мен мекемелерге биылғы жылдың екінші жарты жылдығында қосылатыны, жобасы жасалғаны айтылды. Аудан басшысы Азғыр бойына интернетті өзге облыстың территориясынан тартпай-ақ Ақкөл ауылы арқылы апаруды ұсынды. Бұл Сайқыннан тартқаннан гөрі әлдеқайда тиімдірек. Өз тарапынан облыс әкімі Н.Ноғаев аудан әкімі Б.Шаяхметовке қолдау білдіріп, «Қазақтелеком» басшысына цифрландыру Елбасымыз тарапынан қойылып отырған міндет екенін ескертті. Оның жұмысына біраз сын айтып, мамандарын ауданымызға жіберіп, мәселенің күрмеуін тарқату жолдарын анықтап, нақты мәліметтермен өзіне келуін тапсырды. Демек, бұл таяудағы күндерде шешімін табады деген үміттеміз.

Селекторлық жиналысты қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы берілген тапсырмалардың дер кезінде орындалуы керектігін ескертіп: - Біз мұнда телевидениеге түсіп, жұмыс жасап жатқанымызды көрсету мақсатымен емес, күрделі мәселелерді шешу үшін жиналдық. Облыс көлеміндегі 136 мектеп компьютерлермен түгел қамтылған ба? Әлде әкеліп қойып, біреуін ғана пайдаланып отыр ма? Осыны анықтау қажет. Жаңа ғана біз шешімін таппаған біраз мәселелерді естідік. Сонда осы жиналыс болмаса оны білмейміз бе? Неге менің өзіме айтпайсыздар? Телефон соқсаңыздар да көтеремін. Аудан әкімдері қашықта шығар, бірақ сіздер маған күнде келесіздер.Тапсырма берілгеннен кейін оның орындалысы тексерілмесе, адамның бойы үйреніп кетеді, -деді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521