«Иман - жүректің нұры»

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Иман – жүректің нұры» атты ауданымыздың теологы, «Темірәлі» мешітінің жаңа ұстазы Айбол Қайсамен сұхбат кеші өткізілді.

Оны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбай Шамбозов ашып, шараның мәні мен мақсатына тоқталды. Кітапханашы Жанаргүл Жасқайырқызы «Дін мұраты – ынтымақ пен имандылық» тақырыбындағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Келесі сөз кезегі кеш қонағы, теолог А.Қайсаға ұсынылды. – Ислам діні бейбітшілікті, амандықты, тыныштықты тілейді. Біздер Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамзаттың асыл тұлғасы, керемет жан болғандығын білуіміз керек. Өйткені оны Алла Тағала тәрбиелеген. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жаратылысы мен мінезінің көркемдігіне ешкім де тең келе алмайды. Сондықтан оның өмір тарихы мен сүннетін оқып түсінетін болсақ, біздерге бұл дүниеде оның көптеген пайдасы тиеді. Бүгінгі күні адамдар орта білімін алып, өзінің қалаған мамандығына машықтанып, тек соны ғана игеруге тырысады. Ал, адамгершілік мектебін үйренуге талпынбайды. Ата-бабамыз өз баласын «ұят болады, обал болады, жаман болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ал, қазір бұл тіркестерді естісек ескіліктің қалдығындай көреміз. Шындығында олай болмауы керек. Бүгінгі таңда ғалымдар адамдардың ақыл деген нәрсені жұмыс істетуден бас тартып жатқанын алға тартады. Өзім университетте оқыған кезде Египеттен араб ұстаздары келетін еді. Сонда олардың айтатыны: «Ей қазақтар сендердің миларың тап-таза, еш жерінде қозғалыс болмаған екен » дейтін еді. Сондықтан ақылдың, мидың жұмыс жасауын қолға алуымыз қажет. Ол үшін бізден үздіксіз білім алу, оқып-тоқу, қажырлы еңбектену талап етіледі. Адамның жанынан оны хайуаннан ерекшелейтін 5 нәрсе табылады. Ол: ақыл, періште, шайтан, қабілет, білім. Әрқайсысының атқаратын түрлі қызметтері бар. Осының бәрі бір-бірімен толыққанды ұштасқанда адам кемелдене түседі. Алланың елшісі адамдарды тек жақсылық жасауға үгіттеген. Ислам діні өтірік айтпауды, қасындағы жандармен дұрыс қарым-қатынаста болуды, қайырымдылықпен айналысуды үйретеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасындағы жандармен әңгіме-дүкен құрғанда, сөздердің ең әдемісін теріп сөйлегенді жақсы көретін.

Бүгінде діннен хабары аз, өмірдің ақ-қарасын ажыратып болмаған жастардың әртүрлі күмәнді жат діни идеялардың ықпалына тез түсіп қалуы қоғамды алаңдатып отыр. Осының салдарынан ондай азаматтардың арасында білім алудан, Отан қорғаудан, тиісті медициналық тіркеуден бас тарту орын алып, елдігімізге, ұлттық салт-санамызға қарсы бағытталған әрекеттердің жиілеуіне жол берілуде. Көп жағдайда жат пиғылды ағымдардың жетегінде кеткен жандардың қоғамға қайта оралуы өте қиын, тіпті кейде мүмкін де емес. Өйткені, оларды Отан, отбасы, бірлік, бейбітшілік сынды қасиетті ұғымдар толғандырмайды. Сонымен қатар, теріс бағытта жүргендердің жыл сайын көбейіп отыратыны бізді қатты алаңдатады. Жат ағымдар – бұл идеология. Ал, оны тек екінші басқа идеология арқылы ғана жеңуге болады. Сондықтан, біз жастарды дұрыс бағыттағы ақпаратпен қамти отырып, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру арқылы дәстүрлі емес діни ағым идеяларына еліктеуден сақтауға тиіспіз, – дей келе, дәстүрлі дін ұстанушылар мен адасып жүргендердің ойынша Алла Тағаланың бейнесі қандай болатынын, айырмашылықтары неде екенінің ара жігін ашып көрсетіп, бүгінгі отбасындағы ата-ананың рөлі, ұлдар және қыздар тәрбиесі жөнінде асыл дінімізбен байланыстырып тартымды әңгіме өрбітті. Сонымен қатар деструктивтік теріс бағытты ұстанғандарды сырт келбетінен қалай оңай ажыратуға болатынын оқырмандарға айтып берді.

Қатысушылар тарапынан діни мәселелер төңірегіндегі сұрақтар қойылып, теолог маман өзінің тұшымды жауаптарын қайтарды.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521