Қиғаштың бойындағы қайым айтыс

(0 Votes)

Жер бетінде қанша ұлт болса соншалықты өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі бар. Қазақтың болмысына ғана тән ұлттық өнер ол - айтыс.

Бұл есте жоқ ерте заманда туып, қалыптасып, дамып жетіліп, бүгінгі күннің қажеттілігіне жарап отырған халық ауыз әдебиетінің өміршең жанры әрине. Қанымызбен жаралып, рухымызбен үндескен, байырғының жұрнағына айналып үлгерген төл өнеріміздің бояуына шөлдеген халық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйіне лық толды. Құрманғазы ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «Асылдар туған, шежіре тұнған, құтмекен – Құрманғазы» аудандық ақындар айтысына округтерден оза шауып топ жарғандармен қатар жастар да қатысты. Ақындар Есмұхан Жанизин (Еңбекші) - Анаргүл Аманғалиева (Мақаш), Мүтиғолла Ғани (Сүйіндік) - Самал Өтепова (Шортанбай), Нұрым Жанизин (Еңбекші) – Жанаргүл Оралқызы (Нұржау), Мүтиғолла Ғани (Сүйіндік) - Ұлан Иманғали (Бірлік) болып жұптасып, бақ сынады. Алғашқы құттықтау сөз Шаяхметов Бибоз Байдәулетұлына берілді: - Ауданымыздың мерейтойы қарсаңында жастар арасында патриоттық тәрбиені өрістету, елімізді, жерімізді жырға қосу мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан ақындар айтысы міне көз алдарыңызда шымылдығын ашты. Мұтиғолла ағамыз ұйытқы болып, жастар бұл істі қолдап, ақыры осы күнмен қауыштық. Қатысушы барша ақындарға сәттілік тілеймін! Күй атасы Құрманғазы бабамыздың рухын асқақтата беретін ұрпағымыз көп болсын! - деп кестелі сөзбен үкілі тілегін арнады.

Ақындардың өнерін сараптайтын қазылар алқасының құрамына Таңатар Дәрелұлы Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі - қазылар алқасының төрағасы, Өркен Тәжібаев – аудан әкімінің орынбасары, Айжамал Арыстанова – аудандық білім бөлімінің әдіскері, Ізжанов Әуез – аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Жұмақай Мұғалұлы – ардагер журналистенді. Айтысты халықаралық айтыстарға қатысып жүрген ақын ағамыз Мұтиғолла Ғани тізгіндеді. Сахна төріне шыққан алғашқы жұп Есмұхан Жанизин (Еңбекші) мен Анаргүл Аманғалиева (Мақаш) тереңнен толғап, Құрманғазы топырағында туған игі жақсыларды жырларына арқау етті. Халықтың көңілінен шыққан Жанаргүл Оралқызы (Нұржау) мен Нұрым Жанизиннің (Еңбекші) жұбы әпке мен інінің үйлесімді айтыс үлгісін көрсетіп, елдің ықыласына бөленді. Ақындар арасында өзгелерден ерекшеленгені, оқ бойы оза шапқаны Ұлан Иманғали болды. Оның тереңнен тізе білетінін Махамбетше термелеп кеткеніне көрермен көзайым болды. Финалға Ұлан мен Жанаргүл Оралқызы суырылып шықты. Қос жүйрік өзінің мықтылықтарын танытып, жеңісті өзара бөлісті. Қазылар алқасының төрағасы Таңатар Дәрелұлы ақындарды марапаттау сәтінің алдында былай деп қорытынды сөзін айтты: - Құрманғазы ауданы Қазақстанға танымал киелі өнер өлкесі.

Талай дүлдүлдердің кіндік қаны тамған топырақ. Солай дей тұрсақ та ауданымызда ақындар айтысы дегеннің кенжелеу қалып келгенін мойындауымыз керек. Осыдан оншақты жыл бұрын жылт ете көрінген айтыста біршама талапкерлер бой көрсетіп, облыс көлеміне дейін белгілі болды. Бірақ кейіннен айтыс ұйымдаспай қалып, қауырсын қанат сол ақындарымызды жоғалтып алдық. Міне, ауданымыздың 90 жылдығына орай аудан әкімдігі қолдап, кезіндегі танымал айтыс ақыны Мүтиғолла Ғани ініміздің зор ынта-жігерімен алдарыңызға бірнеше сарауыз балапан ақын самсап шығып өз әлдерінше жыр самғатты. Әлі араларыңыздан сөз киесін жүрекке қондырған таланттың не бір тарланбоздары шығып қалуы әбден мүмкін. Туған ауданымыздың қоңыр күзде атап өтер тоқсан жылдық мерейтойына Тәңірім сіз бен бізді аман жеткізгей! - деп түйіндеді. Дүбірлі дода нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орын Ұлан Иманғалиға тиді. Екінші орында Жанаргүл Оралқызы. Есмұхан Жанизин мен Самал Өтепова үшінші орынды иеленсе, Алғыс хатпен Анаргүл Аманғалиева, Нұрым Жанизин марапатталды. Бұл шара жас ақындарымыздың шабытын шар болаттай шыңдай түсіп, келесі жолы өздерін бүгінгіден де жақсы қырынан танытады деген сенімдеміз.

Ақтілек АБАЙҚЫЗЫ,

журналистика мамандығының 2 курс студенті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521