Гендерлік саясатты қалай түсінеміз?

Аудан тынысы

Елімізде ерлер мен әйелдердің өмірдің барлық салаларында бірдей мүмкіндікке, яғни тең құқыққа ие болуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасы» қабылданды.

Ол мемлекетіміздегі гендерлік саясаттың негізгі қағидаттарын, басымдықтары мен міндеттерін белгілеп берді. Негізгі міндеттеріне келер болсақ, әйелдер мен ерлерді билік құрылымдарында теңестіру, өз бизнесін дамыту және қызмет бабында ілгерілеу, қоғамның нәзік жандыларын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау.

Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы қабылданған еді. Онда мемлекеттік басқару органдары арасындағы әйелдер өкілеттігін 30 пайызға көтеру міндеті қойылды. Стратегия 9 бөлімнен құралып, бүгінде оның басты міндеттері жүзеге асуда. Бұдан кейін БҰҰ-ның «Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» конвенциясы, басқа да халықаралық шарттар мен келісімдер негізінде Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №384 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» атты тұжырымдамасы бекітілді. Мұның барлығы гендерлік саясатта жыныс белгісі бойынша кемсітушілікке, отбасы мүшелерінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына жол бермеудің қажеттігін ескертеді.

Құрманғазы аудандық сотында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша 2017 жылы 137, былтырғы жылы 83 әкімшілік іс келіп түсті. Олардың кейбіреуі тараптардың татуласуына байланысты қысқартылса, қалған іс бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі жылды салыстырғанда 2018 жылы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер 40%-ға азайтылған.

А.Әйтекенова,

Құрманғазы аудандық сотының жетекші маманы.