Гендерлік саясат – заман талабы

Аудан тынысы

Қазіргі уақыттағы өзекті мәселелердің бірі ретінде – гендерлік саясат. Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.

Қазақстанда оны жүргізуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті - отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру. Аталған саясаттың негізгі қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін жүзеге асыру. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың бір басымдығы болып келеді.

Жалпы гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі. Ол адамдар мен азаматтардың отбасылық-тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қабылданған заң әйелдерге шынайы құқықтық жағдай жасады. Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті, олардың мемлекетіміздің барлық салаларына қатысуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл саясат алға жылжуы үшін қыздарымыз бен келіншектер, аналарымыз саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге белсене араласуы керек.

Бүгінгі таңда әйелдер саясатта, билік орындарында, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халықаралық аренада олардың көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалуда. Жалпы әйел заты қазақ қоғамы үшін қашанда ардақты саналған. Еліміздің де тең жартысы әйелдер қауымынан тұрады. Олар бұрынғыдай ошақ басындағы қазанның құлағын ұстаумен шектелмей, денсаулық сақтауда, ағартушылық жүйеде, мемлекеттік қызметте, сондай-ақ бизнесте жүріп те отбасының жарасымдылығына үлкен үлес қосып отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысының гендерлік саясатқа көңіл бөлуі жақсы көрсеткіштерге алып келетіні сөзсіз. Әйелдер өздерінің жеке басының қасиеттері мен адами әлеуетін іске асыра отырып, әлеуметтік дамуымызға тең дәрежеде атсалысары анық. Осының бәрі елдегі азаматтық қоғамның одан әрі жетілуіне ықпал ететін болады.

Н.Жұмабаев,

аудандық соттың кеңсе меңгерушісі