Ержанның шөпшілері ерлеп тұр

Аудан тынысы

Орлы ауылдық округіндегі шаруа қожалықтары арасында Ержан Ниғыметовтың орны бөлек, шоқтығы биік.

Жоғары білімді, зиялы, тәрбиелі азамат сонау жылдары қой, сиыр малдарынан құрған шаруа шаруашылығын бүгінде ұршықтай иіріп басқарып жүр. Жұбайы Гүлжүзім үй тірлігін ексітпесе, өзі қысы-жазы түзден табылады. Ерекең бізді жылы жымиыспен аудан орталығынан ондаған шақырым «Бабий» телімінен қарсылап алып, пішен дайындаушы жігіттерінің қарбалас тірлігін көзбе-көз аралатып көрсетті. Ежелден құнарлы даланың өр суының келіп, қайтуынан кейін іржәнігі бітік өсіп, құрағы қаптап шыққан. Алқапты бойлай байланған (рулон) шөптер әр жерде домаланып, көңілге тоқ көрініс келтіреді.

Әріректе шабушы қоршап алған жерін баудай түсіріп барады. - Бұл көп жылдан бізде істейтін Исатай Танашев деген азамат, - деді Ержан Ниғыметов ініміз. Осыдан 7-8 жыл уақыт бұрын келгенде де осы Исатайдың көк тракторын зырыл қақтырып жүргені еске түсті. Ержан қолын сермеп қойып кімнің-кім екенін жағалай таныстырып жатыр. Орылған пішен құбада жатып кепкеннен соң оны жинайтын трактор мен агрегат иесі - Серік Айдаров. Көл-көсір алқапта тең-тең болып домалап жатқан тайланған шөп Есенболат Нұрболатұлының бітіріп жатқан шаруасы. Осыларды тіркемеге тиеп, қоршауға апарып, кері түсіретін стогомет иесі Байтұрсын Кенжеғалиев деген жігіт болып шықты.

Әрине, жүргізушілер өрелде, ал, тіркеп, кері ағыту, айырмен бітетін шаш етектен шаруа Нұрболат, Эльдар, Расул, Нұржан деген азаматтардың мойнында. Алқап басында бірін-бірі қуаттаған сан түрлі тракторлардың мотор әуені қосылып, екпінді еңбек үні осы дейтіндей. Қарап тұрып риза боласың. Өйткені, осы тырбынып іс қылып жатқандардың еңбек нәтижесі Тәуелсіз елге тамшыдай болса да үлес қосары кәміл. Ержан Ниғыметов: - Мен қожалық иесі болғаныммен осындағы бар тірлікті ұйымдастырып жүрген оң қолым, ол мына тұрған Бекжан Иманғазиев, - деді. Одан әрі әңгімеге тартқанымызда, сол Бекжан пішен дайындау барысынан біраз мағлұмат берді. - Біздің қожалыққа тиесілі, ежелден шөпке бай екі учаске - «Нижняя колка» және осы келіп тұрған жерлеріңіз «Бабий». Шілденің 10-ы күні «Нижняя колкаға» келіп қос тігіп, орақ салдық. Таңның атысынан қас қарайғанға дейін еңбектеніп, ол алқаптың 200 гектар шөбін сапасын жоймай орып, орама пішен етіп байлап алдық. «Бабийдың» жері 100 гектарды құрайды. Мұның да 70 пайызын дайындап, негізінен бола келдік. Күні бүгін үш мың дана тайланған пішенді осындағы сиыр пермісі орналасқан жердегі қоршауға әкеліп үюді қамтамасыз еттік. Бұл қырдағы қой отарына, аралдағы сиыр табынына артығымен жететіні белгілі. Өйткені, осы шамадағы шөбіміз жылда жетіп жүр. Қазір өзімізден артылған шөпті ауылдастарға арзанырақ бағамен сату үстіндеміз. Исатай ауданынан да келіп алып жатырғандар жетіп артылады. Жуық маңда орақ көтеру ойда жоқ. Жанар-жағармай, техника бөлшектері шамадан тыс қымбаттап кетті. Асыра дайындап, шығынымыздың бәрін болмағанымен белгілі бір бөлігін жапсақ деген ойдамыз,-деді, іскер азамат Бекжан.

Осы шөпші жігіттер тракторшысы, көмекшісі бар ұзақ жылдардан Ержан Ниғыметовтың шаруа қожалығында жаз бойы табан аудармай жұмыс жасайды. Себебін бірқатарынан сұрағанымызда, еңбек ақыға көңілдері толады, қажетінше малдарына пішен алады. Ас-сулары төрт мезгіл ұйымдастырылады. Әдебиет Сегізбаевтың дайындаған ас мәзіріне жігіттер дән разы. Демек, көп жай аспазға да байланысты. Жатар, жуынар орындары да сайлы. Душ дегеніңіздің кранын бұрасаң, жаңбырлап-ақ қоя береді. Одан артық кімге не керек? Қысқасы, Ержан Ниғыметов шөпшілеріне қажетті жағдайды мейлінше туғызып отыр. Нәтижесі: қырдағы отар-отар қойына, аралдағы табын-табын сиырына қыстық пішені артығымен дайын болып, ауысқанын қажет дегендер алу үстінде. Алқап басынан біз де көңілді аттандық. Тракторлардың бірқалыпты зырыл әуені құлағымызда біржола қалып қойғандай.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.