Ел ерге, ер жерге, ер жерге қарайды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің кеңейтілген аппарат мәжілісінде алғашқы болып аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваның мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру және тынығу кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуы туралы хабарламасы тыңдалды.

Хабарламашы аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудан әкімі персональды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімінің басшысы Әділбек Мусин тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУДЫ ЕКІ ОКРУГ ҒАНА ОРЫНДАҒАН

Кеңейтілген аппарат мәжілісінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Нұрлан Мырзақанов 2018 жылғы көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы хабарлама жасады. Облыс бойынша оның көрсеткіштері Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы, Индер және Құрманғазы ауданының бөлімдерінде нашар деп танылыпты. Аудандық жинақтау пунктіне 101 адам жеткізілмеген, күні бүгін 55 әскерге шақырылушы қосымша зерделеуге кетіп, қайтып келмеген. Барлығын қосқанда іздестірілуде жүрген әскерге шақырылушылардың саны 156 адам. Әскерге шақыруды толықтай орындаған Ақкөл (Б.Рамазанов) мен Көптоғай (С.Мұратов) ауылдық округтері. Бұл көрсеткіш Нұржау, Жаңаталап, Дыңғызыл, Қиғаш ауылдық округтері бойынша төмен болып отыр. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов 4 жыл бойы жоспардан шығып, енді не себепті орындалмағанын білу мақсатымен аудандық ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция қызметі басшыларына сұрақтар қойды. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Жеткіншек Жағыпаров қосымша хабарлама жасап, түсінік берді. Айтуынша бұған шақырылушылардың кейбірінің жоғары оқу орындарында оқып жатырғаны, аурулық жөніндегі анықтамасы болуы себеп. 86 адамға ескерту жасалған. Себепсіз бармай қалғандарға әкімшілік шара қолданылып, жауапқа тартылады. Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах тізімдегі шақырылушылардың 80%-ы студент екенін жеткізіп, «осындай адам келмей жүр»,- демей оны әлі де нақтылай түсу қажет деген ұсынысын ортаға салды. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов пен орынбасары Өркен Тәжібаев намаз оқитындар әскерге алынбайды деген уәж негізсіз екенін жеткізіп, Қорғаныс министрлігінің бұл шешімінен заң биік тұруы тиіс деген пікірлерін айтты. Соңында аудан басшысы бұл жұмысты тиісті комиссияда зерделеу қажеттігіне тоқталып, округ әкімдеріне келтірілген мәліметтерді қаперге алып, күзгі әскерге шақыруда мұндайға жол бермеуді тапсырды.

ҚАРЖЫНЫ ИГЕРМЕГЕНДЕР ЖҰМЫСТАН КЕТЕДІ

Аудан бойынша биылғы 5 айда бөлінген қаржыны игеру де көңіл көншітпейді. Өз хабарламасында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Хасанова республикалық бюджеттен, облыстық трансферттен, жергілікті бюджеттен игерілмеген қаржыға, төртінші бюджеттегі қалдықтарға талдау жасап, қай округ пен бөлімде қандай мөлшерде екенін түгелдей атады. Сонымен қатар, аудан орталығының Құрманғазы болып өзгеруіне байланысты уақытша өтеусіз пайдалануға берілген келісімшарттар бұзылып, қайтадан жасақталуы тиістігін қаперге берді. Әкім аппаратының екі ғимаратында отырған барлық мекемелер оны орындап, Әділет басқармасына тіркелуі қажет. Қазіргі уақытта аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі мен қала құрылысы және сәулет бөлімінен басқа мекемелер бұл жұмысты бастамаған. Кейбір округ, бөлім басшыларын тұрғызып қаржының не себепті игерілмегенін сұрағаннан кейін аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Бөлінген қаржыны игере алмаған мектеп басшылары орындарын босатсын. Округ әкімдері азғантай қаржыны қалай игеруді білмесеңіздер неге хабарласпайсыздар? Енді ол кері ығыстырылмайды. Болашақта әкімдерді халық сайлайды деп жатыр. Ондай жағдайда осылай жұмыс жасасаңыздар орындарыңызбен қоштасасыздар. Елдің әл-ауқатын жақсартуға бөлініп жатқан қаражатты игеруге есепшілер емес өздеріңіз тікелей жауаптысыздар. Неге өз істеріңізге немқұрайлылық танытасыздар? Бөлінген қаржы қалай да игерілуі тиіс, оны қайтіп жүзеге асырасыздар ол жеке бастарыңыздың шаруасы. Әр нәрсенің шегі болады! Қолдарыңыздағы бюджетті жақсы біліп, орындауға жұмыстаныңыздар. Облыстан ауданымызға мол қаржы бөлінуде. Бұл бұған дейін болған емес, - деп ауданымызға облыс басшысы тікұшақпен келіп Шортанбай балық зауытын аралағанын, сол сапарында қаржы игеруге мұқият назар аударуды тапсырғанын айтты. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: - Абаттандыруға, көше жарығына 3 жылға 1 конкурс өткізсе де болады. Желтоқсанда ұйымдастырып, сонымен жұмыс жасаған тиімді. Біз қашан игереміз деп жүреміз. Білім беру бөлімінде үш округтегі мектептерге қысқы отын алу жыл сайын шешуі қиын мәселеге айналады. Конкурсты үш жылға неге ұйымдастырмайсыздар? Отын қымбаттап кетсе қосымша ақша береміз. Жалпы біз барлық әкімгерлерге күнде хабарласамыз, бір нәрсені дәлелдеп жеткізудің өзі үлкен шаруа. Негізгі кемшіліктер мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырудан жіберіледі және ол жыл сайын қайталанады, - деді. Одан әрі тақырыпқа сай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Нәсиповтің, жер актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әсет Ақбановтың, Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтахтың пікірлері тыңдалды.

СУБСИДИЯНЫ ҚОЛҒА АЛУ ҚАЖЕТ

Аудан әкімдігі мәжілісінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Хасанованың Құрманғазы ауданының аумақтық даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалысы туралы хабарламасы тыңдалды. Аудан әкімі Б.Шаяхметов Шортанбай балық зауытында еңбекақының екі есе өскенін тілге тиек етіп, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту үшін жұмыстануға, субсидиямен қамтуды қолға алуға шақырды. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров аумақтық бағдарламаның 73 тармақтан тұратынын жеткізіп, оның ең негізгі көрсеткіштері бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, бағдарламада біздің ауданымызға қатысы жоқ, орындалмайтын тармақтар да барын айтып, осыны шешу керектігін алға тартты. Аудан басшысы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қайрат Мақсотовқа нақты тапсырмалар беріп, округ әкімдеріне аумақтық бағдарламамен танысуды міндеттеді. Сонда ғана жұмыс әр жерде түрліше жасалмай, қойылған талаптарға сай тиісті дәрежеде орындалмақ. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиев жастардың бос уақытын ұйымдастыру жөнінде 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жасап әкеліпті. Ол тыңдалғаннан кейін аудан әкімі Б.Шаяхметов облыс әкімі Н.Ноғаевтың қатысуымен осы тақырыпта жиналыс өтетінін айтып, оны қайта жасақтауды орталық басшысы мен орынбасары Ө.Тәжібаевқа тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521