Диас Италияға жолдама алды

(0 Votes)

Болашағынан үлкен үміт күттірген өнерлі жас, ауданымыздың мақтанышы, Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған саз мектебінің 12 сынып оқушысы Елемес Диастан тағы да бір ақжолтай хабар жетті.

Бұл жолы ол Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияда өткен «Еуразия кубогы» атты баян-аккардеон аспаптарында орындаушылардың ІІ Халықаралық сайысында ІІІ орын алды. Диасқа байқаудың әділқазылар алқасының төрағасы Украинаның еңбек сіңірген қайраткері, композитор В.Зубицкийдің және еліміз бен Татарстан мемлекетінен қатысқан мүшелерінің қолдары қойылған диплом және «Еуразия кубогы» деген арнайы белгі табысталды. Сонымен қатар, өнер мұхитында желкенін желбіреткен талант иесіне осы сайыстың қорытындысымен 2019 жылдың 25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Италияның Ланчиано қаласында өтетін Владимир Бесфамильнов атындағы халықаралық конкурсқа жолдама берілді.

Ауданымыздағы Ломоносов атындағы орта мектептің 3-ші сыныбында оқып жүргенде-ақ баян аспабына деген құштарлығы оянған Диас Д.Нұрпейсова атындағы балалар өнер мектебінен алғаш әліппесін ашты. Ұстазы Берік Сұлтанмұратов өзге шәкірттеріне қарағанда балғынның ерекше талпынысын бірден байқайды. Бұдан кейін, арманына қанат бітіріп алдына мақсат қоя білген балғын А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған саз мектебіне ойланбастан түседі. Осында ол республикалық, халықаралық байқауларда бағын сынап, жеңімпаз болып, Германия, Украина, Чехословакия т.б. секілді көптеген елдерді аралап, өнер биігінен көрінді. Биылғы жылы ол аталған өнер мектебін тәмамдағаннан кейін, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Диастың анасы, аудандық ауруханының бас дәрігері Гүлсара Мүтиеваның қуанышына ортақтаса отырып, енді оның Бельгияда өтетін халықаралық сайысқа жол жүргелі жатқанын, қазіргі таңда қызу дайындық үстінде екенін білдік.

Біз де жерлесіміздің болашағының жарқын болуын тілеп, осындай жастарымыздың қатары арта түссін демекпіз!

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521