Дамудың төте жолы - цифрландыру

Аудан тынысы

Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы инновацияларды енгізуге бағытталған индустрияландыруды басты назарға алынуымен құнды.

Мұны Назарбаев Университеті, Инновациялық технологиялар паркі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сынды инновациялық орталықтардың жұмыстарына басымдық беріліп отырғандығынан анық байқауға болады. Жолдауда көрсетілген 10 бағыттың алтауында экономиканың барлық салаларында жаңғырудың негізгі құралға айналатыны айтылып отыр. Қызметтегі технологиялық жүйелік пен инфрақұрылымдық басқарудағы интеллектуалды жүйелер мәселелеріне баса көңіл бөлінуде. Бұл экономика үшін өте тиімді.

Биылғы Жолдауда Қазақстанның қысқа мерзім ішінде дамуын анықтап, ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы еліміздің 10 негізгі міндетін белгілеп берді. Аталған 10 міндеттің барлығында цифрландыру бағыты анық көрсетіліп, цифрлық дәуір, технологиялардың дамуы, технологизация, жалпы төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекет дамуының басты бағыттары айқындалды. Экономика, мемлекеттік басқару, тіпті агроөнеркәсіп саласын өркендетудің өзінде озық технологияларды енгізу көзделіп отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы цифрлық дәуірден кенжелеп қалмау қажеттігін қатаң тапсырды. Қазіргі төртінші өнеркәсіптік революциясы кезеңінде әлемнің барлық өркениетті елдері цифрлық теxнологияларға бет бұрған тұста Қазақстан да сол үдерістің ішінде болуы керек. Осы орайда Мемлекет басшысы «цифрлық дәуір» дендеген шақта адами ресурстың жұмыссыз қалмауын да ескертті. «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын-ала тиянақтау керек» деді. Ақпараттық теxнологияларды мемлекеттік басқару саласына енгізу олардың жұмыс сапасын арттыратын болады. Сандық жүйе биліктің ашықтығын, яғни қабылданып жатқан өкім, шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қарапайым халық пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын жасай алатын болады. Сөйтіп, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылданғанда олардың да пікірі ескеріледі. Мәселен, біздегі электронды үкімет - цифрлық дәуірдің жарқын бір көрінісі. Қазіргі кезде біз анықтаманың бәрін электронды жүйе арқылы аламыз. Ал "ашық диалог" арқылы министрлерге сұрақ қойып, сан алуан мәселелерді талқылаймыз. Бұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді. Оны енгізу саласындағы шаралар ары қарай да жалғаса береді. Ендігі кезекте аймақтарда ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамыту қажеттігі тұр. Соның арқасында әкімдердің жұмысын қадағалауға ғана емес, жергілікті жерде атқарылып жатқан шаруаларды да бақылауға болады. Дамудың төте жолы - цифрландыру деп білсек, цифрлы форматқа көшу мәселесін жедел шешуге тиіспіз. Цифрландыру ел экономикасын жаңа бір сатыға көтереді. Экономика дегенде әсіресе, ауыл шаруашылығына, агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологияларды енгізуді жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуі қуантады. Себебі, біздің ауданымыз өзінің табиғи ерекшеліктеріне сай ауыл шаруашылығына негізделген. Сондықтан, цифрландыру саясаты ауылдық жерлерде де қызу қарқын алып, негізгі табыс көзіміздің артуына себепкер болуы тиіс. Демек, бар күш-жігерімізді, ғылыми жетістіктерімізді сол бағытқа жұмсап, барынша қызметтерді жетілдіру қажет. Сол кезде барып өндірістің де, өнімнің де сапасы артады. Бұл ретте біз әлемнің озық тәжірибелері мен өзіміздің тың жобаларымызды үйлестіре отырып, өзімізді дамытуымыз керек. Сонда ғана Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асырып, дамудың даңғыл жолынан көрінеміз.

А.НӘЖІМОВ.