Бизнестің дамуын тежеу – әрине, қылмыс!

(0 Votes)

Кәсіпкерлік – біздің келешегіміз. Елімізде бұл салаға зор қолдау болғанымен, әлі де түбегейлі өзгерістер қажет етілетінін жасырмаймыз.

Дегенмен, бұрынғыдай емес, бизнес өкілдері өздерінің толғандырған мәселелерімен «Атамекен» палатасының жергілікті филиалдарына тікелей жүгініп, өздеріне қажетті жауаптарын алып келетіні қуантарлық жағдай. Мемлекет не үшін бұл саланы дамытуға ерекше ден қойып отыр? Себебі, бизнесті өркендету – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту деген ұғыммен қатар жүреді. Кәсіпкерлікпен бірге, жаңа жұмыс орындары ашылады, жалпы ішкі өнімнің көлемі ұлғаяды. Сондықтан, біз кәсіпкерліктің тиімділігі мен бұл саланың әлеуметтік жағдайды жақсартудағы маңызын әр отбасыға жеткізе білуіміз қажет.

«Бизнестің дамуына кедергі келтіру – мемлекетке қарсы қылмыс жасаумен бірдей», деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі көңілге қонымды болды. «Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік жиілеп кетті. Менің бұл мәселе бойынша ұстанымым айқын. Бизнестің дамуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы қажет. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда қосымша шаралар қабылдау керек. Парламент пен Үкімет бұл мәселені шешудің жолын ұсынуы қажет. 

Сонымен бірге, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекетті күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға және салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті қатаңдату керек», - деді Мемлекет басшысы.

Болашақта бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға қолбайлау болып отырған барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керектігін Президент өз Жолдауында атап көрсетіп отыр.

Алайда, мемлекет қанша көңіл бөле тұрса да, елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы бейхабар жандар жетерлік. Тіпті, кәсібін жаңадан бастағандарға мемлекеттің арнайы субсидиясы барын да көп біле бермейтіндер бар екен. Міне, сондықтан біз алға қарай мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуіміз қажет.

Президентіміз шағын бизнеспен айналысушыларды 3 жылға дейін салықтан босатуды тапсырды. Бұл да өз кезегінде елге үлкен көмек болатын шешім. Бұл шешім енді аяққа тұрып келе жатқан бизнесмендер үшін оңтайлы болмақ. 3 жылға дейін салықтан босатылған олар кәсібін жолға қойып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді.

Біз Президентіміз ұсынып отырған мүмкіндіктерді, шағын және орта бизнесті қолдаудағы тиімді тетіктерді пайдалана отырып өз ауданымызда кәсіпкерлікті дамыта түсуіміз қажет.

Мемлекет басшысының бұл Жолдауы бизнестің көкжиегін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізетініне сеніміміз мол. Бұл өз кезегінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына басты негіз болып табылады. Қолдаймын, қуаттаймын, өз үлесімді қосамын.

Мирғали Ғабдушев,

кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521