Биылғы наурыз ерекше өтеді

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім алда келе жатқан 14 және 22 наурызда өтетін Көрісу айт пен Әз Наурыз мерекелерін ойдағыдай ұйымдастыру мақсатымен үлкен округте орналасқан мекемелер мен мектептердің, балабақшалардың басын қосты.

– Негізгі мәселе биылғы Көрісу айт пен Наурыз мерекесін жаңаша форматта өткізу. Балаларымыздың бойында Жаңа жылда Аяз атаны асыға қарсылағандай Қыдыр атаны күту сезімін ұялатуымыз қажет. Бұл күн мен түннің теңесетін уақыты. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде бір нәрсе күтеміз ғой. Қыдыр ата тақпақ айтқандарға сый-сияпаттар берсін, мереке аясында қазақы әдет-ғұрыптарымызды да насихаттайық. Аудан әкімдігінде өткен жиналыста осы жұмыстарды жүргізу тапсырылды. Халық банктің аудандық филиалын Өмірболат аға басқарған кезде Көрісу айтта келушілерге Наурыз көжеден, бауырсақтан дәм татқызып жүрді. Осыны енді халық көп шоғырланатын жерлерде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. 14 наурыз былтырғы жылы Амал тойы деп аталды ғой, сол күні ұлттық киімдерімізді киіп келейік. Мектепте, балабақшада жағдайы жоқ отбасыларына арнайы барып құттықтаса нұр үстіне нұр болар еді, - деген округ әкімі Мұрабек Мұғалім бірінші кезекте мекемелерді безендіру мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды.

М.Әуезов орта мектебінің директоры Марат Ғилаев: – Біз Жаңа жылды кең көлемде тойлаймыз да Наурыз соның тасасында қалады. Әкім шыршасы сияқты шара осы мерекеде де өткізілуі қажет. Оған жетім балалар түгел апарылсын деген ұсыныс айтамын, - деді. Ұсыныс қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

«Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалының басшысы Нұрбол Мағазов: – Биылғы мерекеде 5 күн демаламыз. Жылда Наурыз мерекесіне арналған шаралар бір күнде өтеді. Мысалы, алтыбақан, спорттық жарыстар, концерт. Мекемелердің қызметкерлері өздеріндегі шарамен жүргенде оның бірін көрсе, екіншісін тамашалай алмайды. Қалған уақытты үйде жатумен өткізеді. Осыны бес күнге бөліп тастау керек. Сонда мереке көңілді өтеді, - деген ұсынысын ортаға салды.

Б.Бегалиев орта мектебінің директоры Гүлжанат Қалиева: – Әз Наурыз ортақ мереке болғандықтан жылда шарамызға қатысуды сұрап мекемелерге хаттар жібереміз. Оған тіпті жауап та жазбайды. Биыл бұл мерекені Жаңа жылымыз ретінде өзгеше өткізгелі отырмыз, - деп округтен өкіл қатысуын сұрады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521