Бірлігі бүтін ел бәрінен озады

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында Медиаторлар мен аудандық аналар кеңесі «Бірыңғай республикалық медиация күні» аясында «Ел іргесінің беріктігі - бірлік пен келісімнің сақталуында» атты кеңейтілген семинар ұйымдастырылды.

Шараға аудандық кәсіби емес медиаторлар, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімі, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшы-қосшылары, аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері, депутаттар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, аудан тұрғындары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Семинардың мақсаты - аудан тұрғындары арасындағы бірлік пен келісімнің одан әрі нығаюын қалыптастыру бағытындағы жұмыстың бір түрі - медиация туралы жұртшылыққа түсінік беру. Ең алдымен медиация жөнінде шағын бейне ролик көрсетілді.

Алғашқы сөз Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Хасенова Балғанымға берілді. - Осы басқосуды облыстық қоғамдық келісім кеңесі мен медиация кабинетінің басшысы Сәттіғұл Мұратбек Қонысқалиұлымен бірігіп өткізіп жатырмыз. Тақырыбымызды ашатын болсақ: «Ел іргесінің беріктігі - бірлік пен келісімнің сақталуында». Еліміздің беріктігі бұл - ауданымыздағы көп ұлтты халқымыздың басты игілігі. Ең бірінші адамдарды біріктіретін орынға отбасы жатады. Өйткені, Отан - отбасынан басталады. Одан кейін түрлі мекемелер, қоғамдық орта, ауыл, көршілер, бәрі өмір сүруге арналған қол жетімді орта. Осы жерлерде адамдар арасындағы өмірлік қажеттілікке бағытталған байланыс іске асады. Алдымен отбасы мүшелері арасындағы байланыс.Олардың қарым-қатынасында кикілжің болуы мүмкін. Түрлі мекемелердегі ұжымдастар, қоғамдық ортадағы адамдардың бір-бірімен байланысы. Өмірдің өзі ережеден тұрады. Ереже – біздің заңымыз. Еліміздің заңын құрметтеп,оны бұлжытпай орындауға тиіспіз. Біздің ең басты байлығымыз - адам.Сондықтан азаматтарымыз бірін-бірі қадірлеуге міндетті.Осыны жақсы білгеніміз жөн. Өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге байланысты ата-ананы сыйлау, дәстүрімізді бұлжытпай сақтау міндетіміз. Осылардың барлығын орындасақ,ынтымағы жарасқан,іргесі берік, жақсы да ел боламыз , - деді.

Келесі сөз кезегі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Сапарова Ұлмекен Қибатоллақызына берілді. - Медиатор,медиация дегеніміз не? Медиатор дегеніміз, тәуелсіз, бейтарап істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіміне қосылған және оның функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға.Медиаторлар екіге бөлінеді:олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар,ал, екіншісі - кәсіби емес медиаторлар.Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған Қазақстан Республикасының Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез-келген тұлға кәсіби медиатор бола алады.Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді,адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз, таза адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар.Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Медиация - тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын,олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі,-деп түсінік берді. Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің кәсіби медиаторы Сәттіғұл Мұратбек: -Медиация жұмысының 2018 жылға арналған қызметтік жоспарына сәйкес шараларымыз, міне өздеріңіз көріп отырғандай Құрманғазы ауданында жалғасын табуда. 2017жылы 7-9 тамыз аралығында өзіміздің «Достық үйінде Дінаралық даулардағы реттеу саласындағы медиация» және «Еңбек дауларын реттеу бойынша медиация тәжірибесі» тақырыптарында семинар, тренингтер өтті,-деп ол одан әрі медиацияның мақсатына тоқталды. Семинар әрі қарай пікір алмасумен жалғасты. Қорытындысында Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің кәсіби медиаторы М.Сәттіғұл және Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова қатысушыларға Алғыс хат пен сертификаттар табыс етті.

Тілекші МЕРТАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521