Бір балық – бір солдаттың тамағы болған

Аудан тынысы

Ауданның алғаш құрылғанына міне, 90 жыл болып қалды деп жатырмыз. Оның белгілі бір дәрежеде атап өтілетіні де кәміл.

Әңгіме той болды, түрлі шаралар өтті, қонақтар келді, ішкіздік-жегіздік, шығарып салдық емес, одан із қалуы керек. Ауданның Тәуелсіздік жылдарындағы түрлі жетістіктері кітап болып шығады, бұл шаруа аудан әкімі Бибоз Шаяхметовтың тікелей қолдауымен жүзеге асады деген хабар естіп отырмыз. Міне, ертеңгі ұрпаққа үлгі боларлық осындай танымдық істерге көбірек көңіл бөлінсе екен дейміз.

Менің бұл шағын мақалада негізгі айтайын дегенім, балық шаруашылығына қатысты жайт. Көбіне-көп мал шаруашылығы, оның ерлері дәріптеледі де, ал «су маржаны» саналған балық саласындағылар екінші кезекке ығысатын сыңайлы. Дұрыс, ата кәсіп – төрт түлік ғой, ол мойындалуы тиіс, бірақ балықты да, осы саланың көк дүлей теңізбен арпалысқан кешегі-бүгінгі арыстарын да Тәуелсіз ел тарихына енгізу қажет. Балық кәсіпшілігін, кешегі обыр Одаққа сан мың центнерлеп ай, тоқсан, жыл сайын жоспардан үстемелеп ұсынған төрт ұжымшардың арғы-бергі өткен жолын түгендеп жазатын бір ынталы жан табылса...

Балық шаруашылығының тұңғыш министрі Шайхы Әбішев атамыздың аудан мұражайында тұтынған заттары, ордендері тұрғанымен ақыры бір мектепті оның есімімен атауға қол жетпей жүр. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, кәнігі су сырласы Сатыбалды Распековтен бері қарай небір жүрек жұтқан тарландардың есімдері көп атала бермейді. Біз Қиғаш жағасында өсіп-өнген ұрпақтың өкіліміз. Әкелеріміз лепірген толқынды қылдай қара қайықтарымен қақ жарып көк шулан дүиеге қашан қара ноқатқа айналып сіңіп кеткенше, жаулығы желбіреген аналарымыздың қолынан ұстап жар жағасында жарбиып тұрушы ек. «Тілсіз жау қатерінен сақтай гөр оны Тәңірім!» - деп тебіренетін жан анамның сөзі құлақта қалған.

Сонау сұрапыл соғыс кезінде «Бір балық – бір солдаттың тамағы!» - ұраны көтерілгенде әкейлер ауылға келмей теңіз үсті аш-жалаңаш, бит қотыр болып балық аулаған. Көктемде мұз жарылғанда бірқатары ат-шанасымен су астына кеткен. «Ат деген жануар өте сезімтал, кейбір маубас адамнан зият, мұз жарылып жағдай қыл үстіне таянғанда шыңғырып қоя беретін» - деген әке сөзі де құлақта қалған. «Ер еді ғой, біздің теңізшілерді бастаған атамандар, талай ажалдан аман алып шықты. Ал, аулаған балықта қисап жоқ, өлген – тірілгеніңе қарамай тек аулай бер! Өйткені, соғыс жүріп жатыр. Әлдеқандай бір сылтау айтсаң атылып, не айдалып кетесің». Бұл да әке сөзі.

Бұ күнде Тәуелсіз ел болдық. Қазірде «Каспий – балық», «Каспий таңы», Амангелді, т.б. ұжымдар шама-шарқымызша аулап, оның біраз бөлігін өңдеп, ел игілігіне ұсынудамыз. Өткеннің тарихын қастерлеп, бүгінді де ұмытпай біздің саладан да бір қомақты қалың кітап жазылса екен деймін. Ал, оның басу, жазу шығындарын кооперативтер болып бірігіп көтеруге әріптестерім қарсы бола қоймас деп ойлаймын. Тек, бейнеті аз емес осы тірлікті бір елжанды азамат қолға алса деген ұсынысым бар.

Елбасының «Рухани жаңғыру» еңбегінің «Туған жер» бағыты меніңше, осы шаруаны жат көрмейді. Қайдасың, балықшылар ұрпағы? - демекпін сөз соңында.

Бақытжан Қарамалайұлы Теміров,

«Каспий-таңы» өндірістік кооперативінің төрағасы.