Бейбіт күн жасасын әлемде!

(0 Votes)

1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы әрбір отбасын шарпыды. Ел шетіне жау тигенде бейбіт ғұмыр кешіп жатқан талай боздақтар қолына қару алып қан майданға аттанды.

Күші басым жаумен шайқаста олардың көбі ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Елге аман оралғандары бел шешпей қызмет етіп, халықтың тұрмысын жақсартуға үлестерін қосты. Күні кеше ғана ордендері мен медальдары сыңғыр қағып ортамызда жүрген ардагерлерді зулаған уақыт өз дегенін істеп келместің кемесіне мінгізіп, арамыздан алып кеткені өкінішті. Асқар тау тұлғаларды жоқ деуге қимайсың. Алайда олар арттарына үлкен мұра қалдырды. Ол – бүгінгі бейбіт өміріміз. Сондықтан қан майданда от кешкендер алдында мәңгілік қарыздармыз. Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесі ауданымызда кең көлемде тойланды.

Салтанатты шара Ломоносов атындағы орта мектепте Кеңес Одағының батыры Александр Афанасьевтің мүсініне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы Толқын Әжіғалиева, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов шараға қатысушыларды мерекемен құттықтады. Гүлдестелерді аудан әкімі Бибоз Шаяхметов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, Ганюшкин ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов және аталмыш мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Алпамыс Юсупов қойды. Аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов бастаған депутаттар корпусы да белгілі батырдың бейнесін гүлге орады. Ломоносов орта мектебінің оқушылары мерекелік сәлем жолдап, «Смуглянка» биін биледі. Құрылысшылар ауылында орналасқан Боздақтар ескерткішіне гүлдестелер мен гүл шоқтарын қоюды аудан әкімі Б. Шаяхметов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісов пен мәслихат депутаттары бастап, аудандық Қорғаныс бөлімі, ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апатының зардабын жоюшылар, Ганюшкин шекара бөлімшесі, аудандық сот, аудандық ҰҚК және басқа да бөлімдер мен мекемелер жалғастырды.

Мәңгілік алау алдында аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов сөйлеп: - Алдағы уақытта да аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз ұзағынан болсын! Бұл мерекені тек Қазақстан емес, бұрынғы КСРО кезінде 15 мемлекет, сонымен бірге Еуропа құрлығындағы елдер де үлкен қуанышпен атап өтіп келді. Бүгінде ол жалғасын табуда. Сол соғысқа қатысқан көптеген боздақтар өмірден озды. Болашақ ұрпақ, бейбіт өмір, Тәуелсіз еліміз үшін аталарымыз бен аналарымыз жандарын қиды. Олардың есімдері есімізде мәңгі сақталады. Мынау келешек ұрпақ осы күндерді әрқашан да, қанша жыл өтсе де ұмытпауы тиіс. Бейбіт күннің қымбат екенін олар білуі керек, - деді. Осы жерден «Жаужүрек полк» шеруі бастау алды. Майдангерлердің фотосуреттерін ұстаған олардың ұрпақтары теңіз толқынындай тербеліп, аудан орталығына қарай қозғалды. Қалың лектің алдына ел ағалары орналасты. Шеру бірнеше шақырымды жүріп өтіп, Тәуелсіздік алаңына ат басын тіреді. Мұнда көпшілік «Тағзым саған, Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған мерекелік шараны тамашалады. Шараны өнерпаздар Болат Бидоллаев пен Гүлзада Жұмалиева жүргізді. Аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, бейбіт күніміз ұзағынан болсын деген ақ тілегін жеткізді. Шараны аудан өнерпаздары соғысқа аттанғандарды шығарып салу сәті көрінісімен бастап, мерекеге арналған әндермен, билермен, қойылымдарымен ұштастырып, көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521