Беделі биік азамат

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Құрмет» орденінің иегері, ауданның «Құрметті азаматы» Аманжан Әділханұлы Тәкешевтің 63 жасқа толуына орай «Бітімі бөлек, беделі биік азамат» атты кездесу кеші өтті.

Шара құрмет төріне мерейгерді жұбайымен шақырудан басталып, үлкен экраннан өнегелі өмір жолынан өтіп, пайғамбар жасына асқақ абыроймен жетіп отырған азаматтың өмірдеректері бейнебаянмен көпшілік назарына берілді. Онда қарапайым жұмысшы мамандығынан бастап, қызмет баспалдағының төменгі сатысынан аудан әкімі, облыстық басқарма басшысы қызметіне дейін көтерілген Аманжан Әділханұлының еңбек жолы көрініс берді.

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев мерейгерді аудан тұрғындары атынан құттықтап, иығына шапан жапты. Зайыбы Мәншүкке де сый-құрметін көрсетті. Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев құттықтау сөзін арнап, облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. «Атырау инженерлік жол құрылысы» ЖШС директоры Бөлек Әлменбаев құрмет иесімен бірге жұмыстас, әріптес болған жылдарға шегініс жасап естеліктерімен бөлісті.

Сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов мерейгердің облыстык мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болып, сайлаушылар аманатын арқалап, өңір экономикасының дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына қосқан зор үлесі барын айта келіп, облыстық мәслихаттың хатшысы Ө.Зинуллиннің құттықтау хатын табыстады. Келесі кезектерде А.Тәкешевтің ардақ тұтар ағалары, үзеңгілес дос-құрдастары, ізбасар інілері мінберден табылып, беделі биік азаматтың қарапайымдылығымен ерекшеленген адами қасиеттері жайында сөз етті. Әр тілексөздің арасында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйлерін тарту етті.

Соңында толқи сөйлеген Аманжан Әділханұлы қашанғы кісілігі мен кішілігінен айырылмай, азды-көпті еңбегін елеп, құрмет көрсетіп жатқан ауылдастарына алғысын айтты. Жұмыс бабымен қайсыбірінің көңілдерін қалдырғаны болса кешірімін де сұрады.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521