«Бар байлығым – балаларым»

(0 Votes)

Ынтымақ-бірлігі жарасқан, шаңырақта сыйластық пен татулық орнаған бақытты жанұялардың бірі - Жамбыл ауылында тұратын Бауыржан Жұбаниязовтардың отбасы.

Өйткені, отау иелері Бауыржан мен Мейрамгүл өздерінің бар байлығын – балалары санап, оларға ата-аналық бар мейірім жылуын төгуде. Сондықтан, «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демекші, ерлі-зайыптылар өз отбасында сәби санын шектеп көрмеген. Осының нәтижесінде бүгінде азаматы Бауыржанмен 20 жыл оттасқан Мейрамгүл Жұбаниязовтар әулетіне бес баланы аман-есен дүниеге әкелді.

Панфилов атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Қайсекеновадан балалы үйді – базар қылған бақытты отбасының сырымен бөлісуді сұраған едік. «Менің ата-енем елге сыйлы, екеуі де шәкірт тәрбиелеп ұстаздық еткен зиялы жандар еді. Әттең, ғұмырлары қысқа болды. Біз отау құрғаннан бастап олардың бір-біріне деген ерекше сыйластығынан үлгі алып өсіп-өндік . Ата-енем дүниеден өткеннен кейін үш қайын інім мен қайын сіңліме қамқор болу жолдасым екеуміздің мойнымызға жүктелді. Бүгінде үш бауырымыз да шаңырақ көтерді, Құдайға шүкір, екеуімен көрші тұрамыз. Барлығы да бір-біріне бауырмал, ата-ана есіміне ешқайсысы да кір келтірген емес. Сөйтіп, туғандарымызға қамқор бола жүріп, әйел ретінде азаматыма қолдау білдіріп, қызмет жасап, құтты шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, көпбалалы ана атандым. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді халқымыз. Бұл ұрпақ тәрбиесінің қаншалықты маңызды, бала-баға жетпес байлық екенін дәлелдей түседі. Сондықтан, біз отбасымызда тәрбие мәселесін бірінші кезекке қоямыз.

Отағасы Бауыржан «Ақкөл АО Локомотив» мекемесінде машинист көмекшісі болып жұмыс жасайды. Үлкен қызымыз Айшабибі Атырау медициналық колледжінің ІІ курс студенті, грант иегері. Одан кейін Бекзада 6 сыныпта, Нұрсая 3, Мәдина 2, кенжеміз Нұрберген 1 сыныпта оқиды. Барлығының да сабақтары жақсы. Бүгінде қара шаңырақтың жанынан өзімізге арнап тұрғын үй салып жатырмыз. Қазір ауылымыз да бұрынғыдан ажарланып, әр үйге газ, су келіп, қаланың адамдарындай тірлік кешудеміз. Бұны біз Тәуелсіздіктің жемісі, мемлекеттің халқына жасаған қамқорлығы деп түсінеміз,» дейді көпбалалы ана.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521