Бандыны қуған Махсот еді

(0 Votes)

Махсот Қайреденұлы Сүйнишов кезінде «Отаным» деп от пен оққа кеудесін тосқан белгілі майдангер. Соғыс жылдарында Кеңес милициясы қатарында болып, майданға бір табан жақын Құрманғазы ауданында неміс диверсанттарының өңірімізге түспеуін бақылау, Котяевтегі өткелден (паром) соғыстан қашқан жігерсіздерді тұзақтау, Азғыр құмында елге бүлік салушы банды қалмақ Бембиевті тұтқындау, т.б. аса қауіпті тапсырмаларды мүлтіксіз атқарған сан сыналған сарбаз.

Ерлігі мен жанқиярлық еңбегін айғақтайтын мемлекет марапаттарының иегері. Жан- жары он бір бала өсіріп тәрбиелеген «Батыр Ана» Бақыш Құмарқызы Сүйнишова да қаһарман қазақ әйелі. Кезінде Гурьев–Астрахан темір жолын салудың бел ортасында еңбек етіп, белсенді атанған. Махсот Сүйнишов тірі болғанда ғасыр жасына толады екен.

Тәуелсіз елімізде халқым деп қам жегендердің ешқайсысы көзтасада қалып жатқан жоқ. Рас, бұған дейін Махсот ағаның ерлігі мен еңбегі көп айтыла бермейтін. Жақында ол тұрған Ганюшкин ауылы, Жерұйық көшесі, №5 үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнату жөніндегі Атырау облысында мемориалдық тақталарды орнату комиссиясының 2018 жылғы 2 сәуірдегі шешімін жүзеге асыру салтанатты шарасы ұйымдастырылды. Оған округ тұрғындары, марқұмдар Махсот пен жұбайы «Батыр Ана» Бақыштың қатары азайып қалған көзін көргендер, он бір ұрпағынан болған құда-жекжаттары, ауылдың белсенділері, Исатай ауданынан келген меймандар қатынасты.

Салтанатты шараны Ганюшкин ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім ашып, жүргізіп отырды. Қара шаңырақ, Махсот пен Бақыштың бір кездегі он бір ұрпағы өсіп-өнген құтты ұяның қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаны ашу құрметіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев пен аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ие болды. Өз сөзінде Орынғали Құмарғалиұлы: - Ғасыр жасына толып отыр. Басқа-басқа Махсот ағаның еңбегі айрықша ғой. Қай жағынан үлгі етсек те артық емес. Бұл ұрпақ парызының аға буын алдындағы өтеуінің жарасымды бір көрінісі, - деп бағалады.

Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы: - Қаһармандарымыздың қатары тағы бір жаңа есіммен толықты. Сөз жоқ, елі мен халқының бақыты үшін өз өмірін сарп еткен осындай жандарды ұрпақ санасына сіңіре білу – осы тұрған баршамыз үшін ізгі борыш, - деп тебірене толқыды.

Аудандық «Серпер» газетінің Бас редакторы Таңатар Дәрелұлы: - Махсот аға да, оның жұбайы Бақыш апай да ашылмаған аралдай елеусіз келді. Ганюшкиндік Қадыр Боқанов ағамыз жақсы мақала жазып әкелгенде қос арыстың ел мен жерге сіңірген өлшеусіз еңбегіне еріксіз тәнті болдым. Мемориалдық тақта ілінген бұл үйдің жанынан енді тебіренбей, басымызды имей өтпейміз. Адамды жақсылығы да, теріс ниеті де түбі өзін табады. Міне, Махсот аға – Бақыш апа екеуі құм арасында көмілген алтындай жасырынып келіп еді, кезегі келгенде жарқ етіп нұрын шашты, баянды болғай, - деген тілегін жеткізді.

Немере інісі Әлмұрат Зейнеденұлы көзіне жас ала тұра қатысушы үлкен-кішіге, осы іске қозғау салған ұрпақтарына өз ризашылығын білдірді.

Ұрпақтары атынан есімі елге белгілі, ауданның «Құрметті Азаматы» Зұлпыхар Махсотұлы Сүйнишов сөз алды: - Бір әулеттің аясында ғана емес, елдік үлкен салтанатқа ұластырып, Рухани жаңғырумен орайластырып әке-шешеміздің ерлік еңбегін халыққа паш етіп, мерейімізді тасытып жатқандарыңыз үшін аудан әкімі Бибоз інім бастаған баршаларыңызға, ата-анамыздың көзін көргендерге, жиналған ел-жұрт өкілдеріне, құрдас-достарымызға айтар алғысымыз шексіз, - деді. Осы істің басы-қасында жүрген ауыл ағалары Қадырбай Жармұхамбетов пен Қадыр Боқановтың иығына шапан іліп, құрмет көрсетті.

Әке шаңырағында мұсылмандық ишарамен арнайы Құран-дұға бағышталды. Одан арғы еске алу, аруағына тәу ету «Жеті қазына» тойханасында жалғасты. Ел зиялылары, ақсақалдар, құда-жекжат, туыстары, Исатай ауданынан келген қонақтар ақтарыла тілек айтты. Басында Зұлпыхар аға, он бір ұрпақтың шуақты шарапаты жайлы ой тербегендер бірінен – бірі асып түсіп жатты. Аудан тарихына Махсот аға – Бақыш ананың ерлік еңбегін қосқан бұл бір мағынасы мол күн ретінде есте қалды.

Т.ТАСМҰХАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521