Балалар мұзға ойылды

(0 Votes)

Биыл қыс қатты болған жоқ. Сол себепті өзендердегі мұз түгелдей бекіп үлгермеді. Қатты аяз тұрмаған соң ағынды жерлер осал келетіні белгілі. Ата-аналар осыны балаларға жиі ескертіп, рұқсат етілмеген жерден өтпегенін қадағалағаны жөн. Әсіресе жас балаларды қараусыз қалдыруға әсте болмайды. Әйтпесе қайғылы жағдай орын алары анық. Жыл сайын осындай уақытта адамдардың мұзға ойылуы жиі кездеседі. «От пен су – тілсіз жау» екенін ақпарат құралдары арқылы қанша ескертсе де, оқушылар арғы бетке өтеміз деп өз өмірлеріне қауіп төндіруде. Жақында осындай оқиға орын алып, қырағы жандардың шұғыл қимылының арқасында мұзға ойылған екі қыз бала құтқарылды.

7 ақпан күні кешкілік 19.30-да Жаңаталап ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Ақсұлу Суфалдиярова әжей ауласына шығып: «Құтқарыңдар» деген дауысты естиді. Бір нәрсе болып қалғанын сезген әжей дереу үйге жүгіріп кіріп мұны жолдасы Амангелді Суфалдияровқа жеткізеді. Амангелді аға көрші жігіттерге, ағайындарына хабарлап жеделдетіп жағаға келеді. Олар ойылған жерді, су бетінен көрініп тұрған екі сөмкені көздері шалады. Суға түсіп кеткен екі қыз, 6 сынып оқушылары екен. Қос құрбы сабақтан шыққаннан кейін үйлеріне қарай мұзбен тіке тартқан. Ойылып кеткен соң айқайлағанымен суда 1 сағаттай тұрған. Абырой болғанда арқаларындағы сөмкелері мұзға ілініп батпай қалған. Аман қалғанымен бұл оларға психологиялық соққы болғаны анық.

Суыт хабарды естіген бойда Мереке, Есбол, Расул Суфалдияровтар, Шынтас Құбаев, Батырбек Алипов, Дарынбек Сиражев,Нұрлан Сайфекенов жағаға жетіп балаларды құтқаруға кірісті. Асығып жүргенде қайық ауып кетіп Нұрланның өзі судан әрең шыққан. Содан жігіттер көршінің қайығын сүйреп әкеліп, суға малшына жүріп мұзды ойып, оқушыларға әрең дегенде жақындаған. Көрші әйел аналардың барлығы жағаға тізіліп, оларға қолдау білдіріп, Аллаға сыйынып жылап тұрған екен. Құдай тілектерін қабыл етіп, екі оқушы аман қалған. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың ішінен Мереке Суфалдияров осымен бесінші баланы құтқарып отыр. Бейне бір олардың қорғаушы періштесі сияқты. Үйі жағада тұрғандықтан құтқарушыдай қызмет жасап, басын қатерге тігуден аянбайтын азаматтың бұл ерлігін ерекше атай кеткенді жөн көрдік. Мереке округ әкімі Олжас Тәжібаевтың айтуынша бір жылдары өрт кезінде адамдар өміріне де араша түсіпті. «Осындай оқыс оқиға орын алған қиын сәтте, басқа-басқа Мереке Суфалдиров ойланбай басын бәйгеге тігеді» дейді ол.

Қысты күні бойы тітіркенер мұздай суға түсіп, өз өмірлеріне төнген қауіпті ойларынан ысырып тастап, адамдарды құтқаруды қара басы қамынан жоғары қойған жігіттерге шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Жасаған жақсылықтарың алдарыңнан шығып, ел ықыласына бөленіп аман жүріңіздер!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521