Балабақшаға кезек – жаңа жүйеде

(0 Votes)

Электронды қызмет көрсетуді білім саласы тиімді пайдаланып келеді.

Мектепке дейінгі ұйымдар да қағазбастылықтан арылып, цифрлы жүйені оңтайлы жүзеге асыруда. Мұнда балабақша кезегі, оның жылжуы, жолдама беру жұмысын жинақтайтын ақпараттық орталық жасақталып, аудандағы 21 балабақша автоматтандыру жүйесіне қосылды.

Ата-аналар балаларын үйде отырып-ақ, еш делдалсыз кезекке тұрғызып, жолдама ала алады. Ол үшін http://garden.kurmangazy.atyrau.gov.kz сайтына кіріп, тіркелген барлық балабақшалардың паспорттарымен танысып, ыңғайлысын таңдауыңызға болады. Жүйеде барлық мәлімет, балалар, топтар саны, жасы бойынша бос орын, қызметкерлер құрамы көрсетілген.

«Кезекке тұру» деген сілтемесі арқылы баланы ЖСН-і арқылы кезекке тіркеп, тиесілі мәліметтерді толтырып, ата-ананың екі телефон номері мен электронды поштасын қалдырады. Оған кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберілетін болады. Тіркеп болған соң, қажетті балабақшадан бос орын ашылған жағдайда мәлімет алу үшін «хабарлама алу» тетігінен балабақшаны таңдауды ұмытпаңыз. «Кезекті тексеру және жолдама алу» сілтемесіне өтіп, балаңыздың ЖСН-і арқылы кезегіңізді тексеріп, келіп тұрса, жолдамаңызды шығарып алуыңызға болады.

Мысалы, орын босаған жағдайда кезектің басында тұрған 5 ата-анаға хабарлама жіберіледі. Кезек келгендігі жөнінде хабарлама алғандар міндетті түрде 3 күннен кешікпей балабақшаға хабарласуы тиіс. Олай болмаған жағдайда сол балабақшада жасына сәйкес кейінгі кезекте тұрғандарға мүмкіндік туады. Ешбір балабақша да, білім бөлімі де ата-ананың өзі жолдама алмайынша, баланы орналастыра алмайды. Бұл өз кезегінде, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол берген болып саналады. Осы орайда, бұл жүйеге дейін кезекке тұрған ата-аналарға айтарымыз бұрындары әр балабақшаға бөлек кезек болатын, қазір аудан бойынша барлық ата-ана өтініші берген уақытына және баланың жасына қарай бір кезекке кіріктірілді.

Осы орайда, балабақшаға орналасу үшін кімдердің жеңілдік алуға мүмкіншілігі барын қаперіңізге береміз.

Алдын ала орын алуға құқылы:

• заңды өкілдері зағип боп табылатын балалар;

• ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

• жетім балалар;

• көп балалы отбасынан шыққан балалар;

• зағип балалар.

Кезексіз орын алуға құқылы:

• әскери қызметтегі, оның ішінде қызметін атқару кезінде қаза тапкан, қайтыс болған немесе хабарсыз жоғалғандардың балалары;

• арнайы мемлекеттік органдардың, оның ішіндегі қызметін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабарсыз жоғалғандардың балалары;

Ескерту: Егер сіз немесе балаңыз жеңілдік алатын топқа жататын болса жеңілдік түрін дәлелдейтін құжатыңызды алып, аудандық білім бөліміне келіп, тіркелуіңіз қажет. Жеңілдікпен тіркелген балалар кезектің алдына қарай түседі.

Нұргүл ӘМІРҒАЛИЕВА,

Құрманғазы аудандық білім бөлімінің ақпараттық технологиялар жөніндегі әдіскері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521