Бала біткен асыға күтетін мереке

(0 Votes)

Жыл сайын балалардың үлкен дайындықпен, тәтті үмітпен асыға күтетін қуанышы – Жаңа жыл мерекесі.

Биылғы жылы аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте ұйымдастырылды. Әдемі безендірілген білім ұясының фойесінде шырша тойына дайындаған маскарадтық киімдерін киген бүлдіршіндер келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды.

Бала біткенді шаттыққа бөлеген думанды шара мектептің жоғары сынып оқушыларының дөңгелене билеген әсем вальсімен басталды.Ертегі кейіпкерлері қыран құс, тазша бала жаңа досы роботпен ортаға еніп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміровпен бірге шырша шамын жақты. Таңғажайып көріністің куәгерлері болған балғындар жаңажылдық шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Одан әрі кешке қатысушыларды Елбасы Н.Назарбаев бейнеүндеу арқылы құттықтады. Тәуелсіздікпен бірге өркен жайып, армандарының орындала беруіне тілек білдірді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров балаларға арнап мерекелік лебізін білдірді. – Жаңа жыл – жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Бүгінгідей шырша тойы еліміздің барлық өңірлерінде өтуде.

–Қазір мемлекет тарапынан білім алуға барлық жағдай жасалуда. Заманға сай мектептер салынып, олардың материалдық-техникалық базасы жетілдірілуде. Білім беру жүйесінде әлемдік технологиялармен оқыту қарқын алды. Сондықтан, сіздер, жас жеткіншектер оқуға, өнерге, білімге деген құштарлықты арттырып, алға қойған межелерді бағындыра беріңіздер, - деді.

Ойын-сауық әсем шыршаның маңында жалғасып, театрландырылған сахналық қойылымдар кіршіксіз сәби көңіліне қуаныш сыйлады. Кештің басты кейіпкерлері – Аяз Ата, Ақша қар шанамен ортаға келіп, жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндердің өнерлерін тамашалады. «Дарын» тобының өнерпаздары балдырғандарға мерекелік көңіл-күй сыйласа, шырша төріне шыққан ескі жәнежаңа жыл иелері ит пен доңыз жетістіктерін саралап, келер күннен мол үміт пен биік асулар күтетіндерін жеткізді. Соңында қатысушыларға арналып жаңажылдық шыршаның «тәтті дастарханы» жайылды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521