Балаға қауіпсіз орта қалыптастырайық!

Аудан тынысы

«Бала – бауыр етің». Өміріңнің мәні де, сәні де солар... Олай болса, келешегімізді қаншалықты қамдап жатырмыз, балғындарымызды қалай тәрбиелеудеміз? Бүгінгі таңда ата-ана сәбилерінің қамы үшін таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіне тура келеді. Өйткені, олар балаларының бір нәрседен таршылық көргенін қаламайды. Алайда, соның салдарынан елімізде түрлі қайғылы жағдайлар орын алуда.

Астана төрінде қалың қазақты күңірентіп, халықты есеңгіреткен қайғылы оқиға көз алдымыздан кетер емес… Отқа оранып опат болған бір отбасының бес бүлдіршінінің тағдыры талайдың жанына батып, жүректі сыздатты. Қара жамылған ата-анаға еліміздің әр түкпіріндегі азаматтың бәрі қайғыра көңіл айтты. Мұндай қазаны естігенде шынымен де жанымыз түршікті. Қайғыдан қан жұтқан сәбилердің ата-анасын көз алдымызға елестету мүмкін емес. Бес періштенің әке-шешесі де ақша табу үшін түн ұйқысын бөліп жұмысқа шықпап па еді?.. Енді дүниенің жарты байлығын жинап берсе де, бес бірдей балапаны тіріліп келмейтіні анық. Одан бұрын да Қызылордада 3 бірдей ұл бала өз үйінде өрттен қайтыс болды. Ол отбасыға да қарапайым халық ұйымдасып көмек берген еді.

Енді мұндай қайғылы жағдайлардан кейін балаларын үйде жалғыз қалдырып, алаңсыз жүре беретін отбасылардың саны азаяды деген ойдамыз. Олардың қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін түсінетін ата-ананың қатары көбейетініне сеніміміз зор. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлердегі өрттің шығу себебі көбіне пешпен жылыту кезінде талаптың сақталмауынан орын алуда. Өкінішке орай, сапасыз отынды пайдаланғандықтан жер-жерде улану да тыйылмауда. Осындай жағдайларды болдырмас үшін еліміз тұтастай газбен жылыту жүйесіне көшсе, бәлкім, тұрғындар тілсіз жаудың тақсіретін тартпас па еді…

Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

А.Шакупова.