Бүлінген жерді бүтіндеп жүр

Аудан тынысы

«Тұрмыстық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында озат механизаторлар көптеп саналады. Өз ісінің нағыз сыналған шеберлері сапында эксковаторшы Жарқын Қосаевтың да еңбегі құрметпен аталады.

Өйткені, ол ұзақ жылдардан бері осы кәсіпорынның ыстығына күйіп, суығына тоңып, есіміне қылау түсірмей еңбек етіп келеді. Қай жерде бұзылып не жарылып жатқан жағдай орын алса, сөз жоқ, эксковаторын ерттеп мінген Жарқынды сол жерден көрерің кәміл. Сенбі, жексенбі ғой, иә «шаруам бар еді» деп кежегесі кейін тартып жатқан ол жоқ. Басшы тапсырма берді екен, орындау оның міндеті. Тіл қайтаруды білмейтін елгезек жігітті ауылдастары да, төл ұжымы да қадірлеп құрметтейді. Мәртебелі жиындарда, жыл қорытындысымен өтетін басқосуда төр басы озат эксковаторшы Жарқын Қосаевтікі.

Кәсіпорын басшысы Жанғабыл Шамұратов ол жайында: - Басқа-басқа, Қосаевты қоспайтын жеріміз жоқ, әйтеуір оған жұмыс табылып жатады. Қазір тазалық айлығының бел ортасында жүргенімен, оп-оңай қажетті жерге жұмсаймыз. Қысқасы, өз кәсібіне мығым, эксковаторын «өз меншігім» деп жоғары күтімде ұстайды, алған табысын адалдап жүретін ең сенімділердің бірегейі, - деді ол. Күні бүгіндері көктем суы қазірден қатты келіп, ойландыра бастады. Бөгеттерді биіктету, жаңасын салу, т.б. қыруар шаруа Ж.Қосаевты күтіп тұр. Халқымыз «сүйер ұлдың аты көп» дейді. Әріптестері, ұжымдастары тілалғыш жігітті Муса деп те еркелетеді. Еңбек озаты ретінде алған марапаттары да бір басына жетерлік.

«Тұрмыстық қызмет» МКК – міндеті ауыр ұжым. Аудан орталығы – Ганюшкиннің қыста жылу өңеші, жазда су жүйесі жарылып, жиі істен шығып жатса, оның басында түннің беймезгіл уақыты болуына қарамастан іскер басшы Ж.Шамұратовтың өзінің де, сенімді серіктерінің де, әрине эксковаторшы Жарқын Қосаевтың да болуы заңдылық іспетті. Аз сөзбен айтқанда, қайда қиын тұсымыз кезіксе, сенімді құтқарушы ретінде Жарқын Қосаевты табарымыз анық. Темір тұлпарын тізгіндеп, еңбексүйгіш азаматымыз аман жүре берсін демекпіз оған.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.