Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді?

Аудан тынысы

Sputnik Қазақстан бірінші қазаннан бастап елімізде болатын өзгерістерге шолу жасады. Осы айдың басты жаңалығы полицейлердің аттестациясы болмақ.

Күздің екінші айында Қазақстанда бірқатар жаңашылдық күшіне енеді.

Полицейлер аттестациядан өтеді.

Осы жылдың 1 қазаны мен 2020 жылдың 31 наурызы аралығында полицияның жеке құрамы кезектен тыс аттестациядан өтеді.

Алғашында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аттестациясы 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін өтуі тиіс болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті жарлыққа отставкаға кетер алдында қол қойған еді. Алайда 2 сәуірде Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аттестация мерзімін өзгертті.

Аттестация үш кезеңнен тұрады және бірінші басшылар мен полиция департаменттері басшыларынан басталады. Аттестация барысында тәртіп сақшыларының заңды білуі мен логикалық ойлау қабілеті тексеріледі. Бұдан бөлек, физикалық даярлығы мен оқ ату қабілеті сыналады. Ашықтық үшін аттестаттаудың барлық кезеңі видеоға түсірілмек.

Кәсіпорындар онлайн бақылау-кассалық машиналарға көшеді

2019 жылдың 1 қазанынан 224 қызмет түрі онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолдана бастайды. Бұған дейін сәуір айынан 323, ал шілдеден бастап 86 қызмет түрі онлайн БКМ-ға ауысты.

Онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолдану талабы ортақ пайдалану телекоммуникация желілері жоқ аумақта қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қатысты емес.

Әуежай коды өзгеруі мүмкін

Осы айда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы елорда әуежайы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығынан (IATA) жаңа үш әріпті код алуы мүмкін. Бұған дейін Нұр-Сұлтанға рейс орындайтын әуе компаниялар кодтың өзгеруін құптаған еді. Бұл мәселе 14 қазанда Польша астанасы Варшавада өтетін Жолаушы стандарттары конференциясында өз шешімін табады деп жоспарланып отыр.

Нан күні

Жуырда Қазақстанның мерекелер тізімі тағы бір датамен толықты. Үкімет қаулысына сәйкес, енді қазақстандықтар жыл сайын 16 қазанда Нан күнін тойлайды. Сондай-ақ, қарашаның үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні болып бекітілді.

Электр энергиясының шекті тарифі

Бүгіннен бастап электр энергиясының 2025 жылға дейінгі шекті тарифтері күшіне енді. Энергетика министрінің 2019 жылғы 23 қыркүйектегі бұйрығымен "Электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы" бұйрыққа өзгерістер енгізілген болатын.  Энергия өндіруші ұйым электр қуатын сату бағасын өзі белгілейді. Алайда ол энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының шекті тарифінен асып кетпеуі тиіс.

 

Sputnik