Ауылдың дәулеті сәулетінен көрінеді

Аудан тынысы
«Елу жылда ел жаңа» дегендей, Тәуелсіздік алған ширек ғасырдың үстіндегі уақытта ауданымыз көп өзгерді.
Бұрын аудан орталығында қанша дүкен барын, қай жерде орналасқанын жатқа білетін едік. Қазір олардың жаңбырдан кейін қаулай өскен шөптей көбейіп кеткені сондай, басқаларды қайдам, өзім түгел білемін деп айта алмаймын. Осының бәрі кәсіпкерліктің дамығанының бір көрінісі. Ал, шағын және орта бизнес дамыса ауылдың сәулеттік кескін-келбетін шырайландыра түсері анық. Бүгінде аудан орталығында сән-салтанаты жарасқан С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі, «Мерей», «Шаңырақ» сауда үйлері, «Алтын Орда», «Жұлдыз» сияқты бизнес орталықтары бар. Бұл жерде атын атап, түсін түстесек әлі біразын айтуға болады. Біз мақаламызда оның төңірегін шиырламай, сүйікті туған жеріміздің көркейе түсуін жобалап, сән-сәулетінің айшықталуына үлкен үлесін қосып отырған аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жаңа басшысы Эдуард Лубекұлы Азатовпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. - Эдуард Лубекұлы, сізге дейін бұл бөлімді басқарған азамат өз жұмысына ұқыптылықпен қарап, аудан өмірінде өшпес қолтаңбасын қалдырды. Талғат Хамитұлы зейнеткерлікке кетерінде ұжымдастарына ризашылығын білдіріп, алға қарай да қызметтерін адал, заң шеңберінен шықпай жасаса бәрі жақсы болатынын айтты. Сіз де округ әкімі лауазымын, бұдан басқа да жауапты жұмыстарды абыроймен атқардыңыз. Жаңа орныңызға құтты болсын айтып, еңбегіңіздің ел көңілінен шығуын тілейміз. Сұхбатымызды сәулет және қала құрылысы саласында атқарылған жұмыстармен бастасаңыз. - Рахмет! Талғат Хамитұлы бұл бөлімді басқарғанда жүйелі жұмыс жасап, ауданымызда жаңа нысандар бой көтеруіне үлкен үлесін қосқан азамат екенін жылы лебізбен айтамыз. Тәжірибелі маман ретінде алға қойылған міндеттерді абыроймен атқара білді. Мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін бәрімізге ортақ міндет Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясы мен әлеуметтік-экономикалық бағыттағы даму бағдарламаларын жүзеге асыру. Сол жолда еңбектеніп, ел көңілінен шығу, аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайларының жақсаруына қолымыздан келгенінше үлесімізді қосу. Қандай құрылыс салынса да оның біздің бөлім арқылы жобаланатыны өздеріңізге мәлім. Енді атқарылған жұмыстарға көшсек, 2017 жылы тұрғындардың жеке қаржысына салынған 9455 шаршы метрді құрайтын 73 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2016 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 101,0%-ға өсіп отыр. Яғни, 9386 шаршы метрді құрайтын 76 тұрғын үй қабылданды. Аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету нысандарының қатарын бір-бірден автокөлік жөндеу стансасы, стационарлық техникалық қызмет көрсету пункті, асхана, монша, дүкен-шаштараз, өндірістік цех, мал базары, авто-жуу мен дәмхана, тегершік жөндеу шеберханасы, тойхана, қонақ үй, 4 дүкен, 3 қойма ғимараты, 2 шайхана толықтырды. 2017 жылы тікелей бөлім басшысының атына 2 өтініш түсіп, жауап беріліп, түсіндірілді. Тұрғындардың өз қаражатымен 2018 жылдың 8 айында 6088 шаршы метрді құрайтын 43 тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 117,5%-ға өсті, яғни 5177 шаршы метрді құрайтын 41 тұрғын үй қабылданып отыр. Шағын және орта бизнес нысандарына келсек, 304,9 шаршы метрді құрайтын 6 дүкен, бір-бірден 293,6 шаршы метрлік сауда үйі, 788,3 шаршы метр бизнес орталығы, 193,2 шаршы метр қойма ғимараты, 121,7 шаршы метр әкімшілік ғимараты, 1123 шаршы метр мұздатқыш цехы, 602,25 шаршы метрлік база, 809,8 шаршы метр тойхана пайдалануға берілді. - Тұрғындарға мемлекеттік қызметтің қандай түрлерін көрсетесіздер? - 2015 жылғы 27 наурыздағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының №257 бұйрығымен бекітілген және аталған министрліктің басшысы міндетін атқарушының 2016 жылғы 17 наурыздағы №137 бұйрығымен бекітілген стандарттарға сәйкес мемлекеттік қызмет түрлері «Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерінің мекен жайын айқындау жөнінде анықтама беру», «Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну», «Тіркеу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертпей қолданыстағы ғимараттардағы үй-жайларды (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) шешім беру», «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу». 2018 жылдың тамыз айында өсу есебімен барлығы 1033 қызмет көрсетілді. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы біріншісі бойынша - 613, үшіншісі бойынша -3, төртіншісімен -195 қызмет көрсетілгенін қаперге беремін. www.egov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы көрсетілген «Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» мемлекеттік қызметінің саны -222 - Алға қарай қандай жоспарларыңыз бар? - Аудан бойынша Құрманғазы және Ақкөл ауылдарының бас жоспары, 17 ауылдық округ орталықтарының жеңілдетілген бас жоспары, 27 елді мекендердің бөлшекті жоспарлау жобасымен бірлескен жеңілдетілген бас жоспары жасақталып, бекітіліп, барлық ауылдық округ әкімдеріне тапсырылды. Сонымен қатар, Құрманғазы ауылының Жапырық және Ескі Аэропорт елді мекендеріне, Орлы ауылдық округінің Орлы ауылының оңтүстік бөлігіне егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасақтау жұмыстары жалғасуда. Алға қарай да халық көңілінен шығу, туған жеріміздің сәулеттік кескін келбетін көркейте түсу бағытында жұмыстана береміз. - Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! Сұхбатты жүргізген Қанат ҒҰМАРОВ