Атырау жастары - ауданымызда

(0 Votes)

"Атырау жастарының аудандардағы күндері"  жобасына қатысушылардың Құрманғазы ауданындағы күндері басталды.

Жастар мінген, ішінде барлық жағдайы жасалған елу кісілік автобусты аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің директоры Анар Мусина, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиев бастаған ұлттық киім киген қыздарымыз Жұмекен ауылына кіре берістен күтіп алып, қош келдіңін айтып, ақ ұсынды. Ауданымызға танымал өнерпаз Заря Қуанышқызы қонақтардың құрметіне бір ән орындады.

i

i

Топ басшысы, Атырау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспанды сөзге тартқанымызда: – Жалпы бағдарламамызда ауылдағы жастармен кездесу, аудан орталығында «Спикер №7» интеллектуалдық конференциясын ұйымдастыру, барлық ауылдық округтерде «Атырау» жастар театры» деген әуесқой театрдың қойылымын көрсету, соңында гала-концерт өткізу бар. Гала-концертте ұлттық өнер емес, жастарға арналған әндер мен билерді, республикалық деңгейде жақсы өнер көрсетіп, алдыңғы орынды ешкімге бермей жүрген КВН тобының, яғни әзілқой жастарымыздың әзілдерін және «Атырау жастарының аудандардағы күндері» жобасы аясында тұсауы кесілген Атырау жастарының әнұраны іспеттес әнімізді көрермендерге ұсынамыз, - деді.

i

i

Жылы қабылдаудан соң атыраулық жастар Жаңаталап ауылдық округіне ат басын бұрды. Мұнда соның алдында ғана Ақкөл ауылдық округінде өткен үлкен шараға қатысып келген аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев, Жаңаталап, Ақкөл ауылдық округтерінің әкімдері Олжас Тәжібаев, Бисембай Рамазанов бастаған өнерпаздар, Орлы, Нұржау, Жаңаталап, Ақкөл ауылдық округінен келген жастар қарсылап, қошемет көрсетті. Қонақтар Жастар жылына орай ұйымдастырылған футбол, волейбол ойындарын тамашалады. Округті аралап, «Медет» тойханасында жастармен кездесті. Аудан жастарымен кездесуінде Атырау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан: – Елбасымыз жариялаған Жастар жылына орай осындай жобаны іске асыруды қолға алған едік. Бұған дейін Жылыой, Мақат, Индер, Қызылқоға аудандарында болдық. Бүгін ең шалғай жатқан Құрманғазы ауданына келдік. Мұнда біз Сүйіндік, Балқұдық ауылдарына да барамыз. Сіздерден кейін Махамбет пен Исатай аудандарында да боламыз. Елімізде мемлекеттік жастар саясаты туралы заң бары өздеріңізге мәлім. Соның аясында 14 пен 29 жас арасындағылар қамтылады. Жастар саясаты басқармасында небәрі 9 адам қызметтеміз. Оған қоса аудандардағы жастар ресурстық орталықтарындағы 70 адам облыстағы 150 мың жаспен жұмыс жасап отырмыз. Жақын арада Құрманғазы аудандық жастар ресурстық орталығы жаңа ғимаратқа көшкелі жатыр. Мұны да жеткен жетістіктеріміздің бірі деп ойлаймыз. Барлық аудандардағы жастар ресурстық орталығын бюджет қаражатына сатып алып, осындай ғимараттармен қамтамасыз етуді ұйымдастырмақпыз. Жылдың басында Атырау жастарын 2021 жылға дейінгі қолдаудың жол картасын қабылдадық. Қазақстан Республикасының Нұрсұлтан қаласында Жастар ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Сол институттың көмегімен «Өңіріміздің жастарының портреті» деген зерттеу ұйымдастырған едік. Оның аясында жастардың бірқатар негізгі мәселелерін көтердік, - деп жол картасында жастардың білім алуы, мамандығы бойынша қызметке орналасуы, денсаулығын нығайтуы, бос уақыттарын тиімді өткізуі, баспанамен қамтылуы, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жүйелендіру, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету, республикаға танымал азаматтармен кездесулер ұйымдастыру және басқа да бірақатар жобалар қаралғанын тілге тиек етті. Одан әрі тамыз айының бірінде Құрманғазы ауданының жастарымен кездесуге елімізге белгілі еңбек және мәдениет қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаммеджан Тазабекұлы мырзаны алып келгелі отырғандарынан, көтерілетін мәселе ұлттық және отбасылық құндылықтар екенін жеткізді.

i

i

Кездесу барысында әлеуметтік кәсіпкер, бизнес-тренер Әнуар Жұмабай кәсіпкерлікпен айналысу, білім алуда жарысқа түсу, жан-жақты болу жөнінде әңгіме қозғады. Қатысып отырған жастар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды. Кеште Жаңаталап ауылдық округі өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама тамашаланды.

i

i

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521