Астанада тегін тұрып ет сататын орын бөлінді

(0 Votes)

Тамыздың 25-26 аралығында Астана қаласының Қазақстан спорт кешені жанында Атырау облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткен болатын.

Оған біздің ауданымыздың да шаруашылықтары қатысты. Құрманғазылықтардың өнімдері үлкен сұранысқа ие болғанын естігеннен кейін, оларды осы жәрмеңкеге бастап барған аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровпен сұхбаттастық.

- Жандос Мнафихұлы Астанадағы жәрмеңкеге ет пен балық өнімдерін апарған екенсіздер. Тақырыбымызға қатысты болғаннан кейін алдымен ауданымыздың ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал басы мен балық аулау жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?

- Құрманғазы құт қонған киелі мекен. Мал өсіруге, балық аулауға, егін салуға табиғатымыз қолайлы. «Теңіз өресі» деп аталатын, яғни теңізге жақын орналасқан бөлігінде Шора мен Қиғаш тарам-тарам болып ағып жатыр. «Жаз ыссылықпен өтті, жаңбыр тамбады, қыр бойындағы шөп күйіп кетті» десек те аралдардағы шабындықтарда өр суы біраз уақыт жатып қалғандықтан шөп жылдағыдан қалың шықты. Қысқа мал азығын дайындау көп қиындық тудырмайды деген ойдамыз. Біраз шаруашылықтар оны әзірлеп те үлгерді. Қалғандары қара күзге дей жерін шауып болады. Былтыр бұл жұмыс қыркүйекте басталғанда да межеден шықтық. Биыл ерте кірістік.

Қиғашты тереңдету қанша жылдан бері айтылып келе жатса да былтыр ғана қолға алынды. Қазір онымен «Павлодар өзен порты» мекемесі айналысуда. Жұмыс барысын облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы, аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы қадағалап отыр. Бөлінген қыруар қаржының желге ұшпауы бәріміз үшін маңызды. Бұл ретте бақылау жұмыстарына қоғамдық ұйымдар, ақсақалдарымыз, жергілікті тұрғындар атсалысады, ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөліседі деген ойдамыз. Арна дұрыс қазылса балық кіреді, ауланған өнімді тасымалдау жеңілдейді, лимит толық орындалады. Браконьерлікпен күресте, балық шаруашылығын өркендетуде, оның күрмеуі қиын мәселелерін тарқатуда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің, аудан әкімі Бибоз Шаяхметовтің үлесі мол екенін атай кетейік. Мал басын асылдандыруға, егінді тамшылатып суаруға да ден қойылуда. Жергілікті жерден ветеринариялық зертхана, мал сою пункттері ашылды. Бұрынғыдай сойылған малға анықтаманы Атырауға барып алмайды. Осы аталған факторлардың бәрі ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға деген бетбұрыс.

Төрт түліктің өсіміне тоқталсақ, биылғы жылдың 6 айында аудан бойынша мүйізді ірі қара 62969, қой мен ешкі 223345, жылқы 24022, түйе 5221 басқа жеткізілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жылқы 111,9, ірі қара 105,8, қой-ешкі 100, түйе 106,3 пайызға өсті. Сонымен қатар аталған мерзім ішінде 4638 тонна ет, 6205 тонна сүт дайындалды. Ет пен сүт өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 100,7 және 100,3 пайызға өсіп отыр. Енді балық шаруашылығына келсек, ауданымызда онымен 7 шаруашылық субьектілері, атап айтсақ «Каспий-Балық», «Каспий Таңы» өндірістік кооперативтері, «Ақсу-Қиғаш», «Ш.Сүлейменов», «Амангелді», «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Е.Сәрсенбаев» шаруа қожалығы айналысады. Олар биылғы көктемдегі балық аулау науқанында 1605 тонна балық аулап, жылдық лимиттің 41 пайызын орындап тастады.

- Жәрмеңкеге ауданымыздан қандай шаруашылықтар қатысты?

- «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің басшысы Сабыржан Сұлтанов өзінің мамандарымен, сатушыларымен, қасапшыларымен үш тонна ет, «Сев Каспий Фиш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үш тонна балық апарды. 24 тамызды, жәрмеңкенің бірінші күнін апарған балық түрлерін сатумен бастадық. Сауда қарқынды жүрді. Астаналықтар үлкен кезекке тұрды. Тіпті, «Кезекке тұр» деп сауда жүріп жатқан орынның маңайына жақындатпайды. Сазанның келісі 700, көксерке 1000 теңгемен сатылды. Ысталған жайын, кептірілген қарагөз және басқа балықтар да апарылғанымен аталған екеуінің саудасы ерекше болды. Соңында іздеп келіп сұраушылар да болды. «Бізге Балхаштың балығын Атыраудікі, теңізден ауланған деп сатады. Оны үйге апарып пісіргенде білеміз. Жиі әкеліп тұрыңдар»дейді олар. Келесі күні 200 келідей шортан, одан бөлек құты сатылды, бірақ балықтың көбі жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ өтіп кетті. Апарған тауардың тез өткені біз үшін де мерей. Жаңа ауланып, мұздатылған балықтар Елорда тұрғындарының үлкен сұранысына ие екеніне көзіміз жетті. Басқа аудандарда ол болған жоқ. Біз ғана «Амангелді» өндірістік кооперативімен бірігіп 3 тоннасын апардық. Өзге аудандар сүт өнімдерін, түйе етін әкелді. Етті де 26 тамызда, бесінге дейін сатып үлгердік. Оның келісін 1500 теңгеден асырмауды тапсырды, алды сол бағамен, соңы 1400 теңгемен тұтынушыға ұсынылды. Оған да сұраныс жақсы болды. Себебі, апарған етіміздің сапасы жоғары. Бұл жерде ұтқанымыз облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлымен бірге Астана қаласы әкімшілігімен келісіп, «Құрманғазы» ӨК-не ет сататын арнайы орын бөлгіздік. Келісімшарт арқылы 6 ай сол жерде тегін тұрып сауда жасайды. Қай мезгілде болса да халыққа тиімді бағамен өнімдерін ұсынуына мүмкіндік туғызылды. Бұл үлкен көмек. Шындығына көшсек аудандағы өзге де мал өсірушілер сияқты бұл кооперативте бұған дейін етті өткізуде қиындық көріп келген. Атырау қаласына тасиды, онда да жан-жақтан келіп жатқандар көп. Оралдан, басқа аудандардан әкеледі. Аудан орталығындағы сауда орындарында еттің түр-түрі толып тұр. Күзге қарай мал сатушылар көбейеді. Осындай жағдайда Астана қаласы өз төрінен ет сатуға орын бөлгені біз үшін қуаныш. Аталған кооператив күні кеше несиеге ет комбинатын ашты, «Газель» автокөлігін алған, енді оның ішіне салқындатқыш құрылғы орнатуды жоспарлауда. Содан кейін Астанаға тікелей сол көлікпен апарамыз деп құлшыныс танытуда. Елордада еттің бағасы 1600-1700 теңге. Тағы бір айта кетер жайт астаналықтар апарған етіміздің тәттілігіне қызығады. Тұрғындар шаһардағы сауда орындарында тұрған жылқы етінің қазысы үш-төрт елі болғанымен біздікінен дәмсіз екенін айтады. Қасымызға ерген осы саланың суығына тоңып, ыстығына күйген тәжірибелі маман, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Талапұлынан себебін сұрап көрсек, малды бордақылағанда тұщы шөппен семірткеннен дейді. «Бізде де арал бойы мен жусан жеген қыр өңірінде бағылған малдың еті екі түрлі ғой. Қыр бойында бағылғаны дәмді. Тіпті малдың қанының түсінен танисыз, аралдікі бозақайлау, қырдікі күрең қызыл» дейді бөлім басшысы. Осылайша, барған сапарымызда «бір оқпен екі қоянды атып алып» отырмыз. Әрі сауда жасадық, әрі өнімді сату орнын шештік.

Жәрмеңке басында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастаған аудан әкімдерінің орынбасарлары, бөлім, кооператив, шаруа қожалықтары басшылары болды. Әлібек Ибатоллаұлы жәрмеңке аяқталғаннан соң жолдың қашықтығына қарамастан сапалы ет, сүт, балық, егін өнімдерін апарған аудандарға ризашылығын білдірді. Оның ішінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовті, «Құрманғазы» ӨК-нің басшысы Сабыржан Сұлтановты да ерекше атады. Астана қаласының әкімдігі де өз тарапынан жәрмеңкенің ұйымдастырылуын жоғары бағалады.

- Қалай барып қайттыңыздар?

- Облыс әкімінің басшылығымен бізге арнайы екі вагон бөлініпті. Бәріміз соған жайғастық. Вагонның біреуіне концерттік бағдарламамен барған мәдени қызметкерлеріміз орналасты. Жолсапар көптен бері мұндай тыңғылықты ұйымдастырылмаған еді. Бұрын әркім түрліше, автобуспен, пойызбен, ұшақпен баратын. Туындаған мүмкіндікті пайдаланып бізге барлық жағдайды жасаған Нұрлан Асқарұлына құрманғазылық делегация атынан ризашылығымызды білдіремін. Алға қарай да ауыл шаруашылығын өркендету бағытында жұмыстана береміз.

Сұхбатты жүргізген Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521