Ашық есік күні

(0 Votes)

Жас туристер бекетінің басшысы Алмажи Өтегенов, қабылдауда болғанда жеке шаруасы емес, көптің көкейіндегілерді өтініш етті.

Алдымен құрылғанына үш-төрт жыл болған жас туристер бекетіне ғимарат салу үшін жер бөлініп қойғанын айтып, жобалау-сметалық құжатын жасақтауға көмек сұрады. Сондай-ақ, Самаркин ауылын екіге бөліп жатқан автокөлік жолының іргесіне жаяу жүргіншілер үшін тротуар салуды ұсыныс етті. Аудан әкімі екі мәселесін де шешуге жұмыстанатын айтты.

Ганюшкин ауылының тұрғыны Ұлболсын Мұқанова тұрып жатқан үйінің ертеректе салынғанын, шатыры жоқтықтан қазіргі уақытта әбден тозығы жетіп құлау қаупінде тұрғанын жеткізді. Азаматы қайтыс болып, үш баласы есейгенімен кенжесі ақылы бөлімде жоғары білім алып жатқандықтан үйді бұзып, қайтадан салып алудың мүмкіндігі жоқтығын қаперге берді. Оның да өтінішін мұқият тыңдаған аудан басшысы арнайы бағалаушы маман арқылы үйінің қаншалықты апатты жағдайда екендігін анықтап алуға кеңес берді. Ондай маманның қызметі ақылы екендігін ескеріп, көмек қолын созуға әзер екенін білдірді. Студент баласының да оқуақысының 50 пайыз мөлшерінде демеуші арқылы тауып беретінін айтып, жалғызбасты ананы қуантып тастады.

Қабылдауға келген Фарида Усенова жолдасы екеуі де мүгедек екенін, бірақ оған мойынұсынбай спортпен шұғылданып, өздеріндей мүгедек жандарды спортқа баулып жүргенін айтты. Отбасында бір бала тәрбиелеп отыр, бұрындары республиканың өзге өңірінде тұрып, кейіннен күйеуінің туған ауылына оралып, ауданда параспортты дамытуды қолға алыпты. Оларды бір қинайтыны баспана мәселесі, қазіргі уақытта туысқандарының үйінде тұрып жатыр екен. «Дипломмен-ауылға» бағдарламасында қаралған қаражат аудан орталығынан үй алуға жетпейді. Аудан әкімі бұл мәселенің де шешу жолдарын қарастырып, мүдделі дербес бөлім мамандарымен бірлесе жұмыстанатын болды.

Құрылысшылар ықшам ауданының бір топ тұрғындары атынан келген Елдос Тюмалиев өздері тұрып жатқан көше жауынды күндері ми балшыққа айналып, жүріп-тұруды шектейтін жанайқайын жеткізді. Ұялы телефонға түсіріп алған суреттерін де көрсетті. Ауылішілік жолдар салуды қайта бастап жатқан тұста тым болмаса қиыршық тасты жол төсесе де қанағат тұтар едік деді. Аудан әкімі бұл көшелердің жол салу жоспарында барын айтты. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ә.Әжіғалиевке осындай батпақты көшелерге жол салуды бірінші кезекке шығаруды тапсырды.

А.Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521