Асан ауылына медпункт қажет

Аудан тынысы

Асан ауылдық округінің әкімі Гүлім Қабдражитова есепті хабарламасында:  - Округ бойынша 2018 жылы 16991 тонна мал азығы дайындалды.

Оған 15 трактор, 14 шөп шабатын және басқа техникалар, 20 тіркемелер қолданылды. «С.Алипов» шаруа қожалығы пішеннің орамасын (рулонын) ең төменгі бағамен дайындауды дәстүрге айналдырып отыр. Есепті мерзімде барлығы 6913 бас мал сатылып, одан өндірілген ет өнімі 444,2 тонна болды. Алдағы уақытта шаруа қожалықтарының басшыларына қояр талабымыз – мал басының санын тек өз төлі есебінен ғана емес, асылдандыру арқылы арқылы көбейту жұмыстары, - дей келе ауыл шаруашылығы, жұмыссыздық, кедейшілікпен күрес, әлеуметтік, білім беру, денсаулық, мәдениет, спорт саласы және т.б. бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов: -Жолда ұялы байланыс керек. Көліктер батып қалып жатса ешқайда хабарласа алмайды. Ұялы байланыс орнату жайы ауданнан шешілмесе, онда облысқа шығайық. Асан мен Үштаған арасындағы жолды да күреп тұрса дейміз. Бізге медпункт қажет. Оны саламыз деп цемент әкелді, ол қатып қалуда. Сонда оған жұмсалған ақша текке кетеді ғой. Әуелде полиция пунктін емес, бірінші соны салуды қолға алу керек еді. Ауылымызда тәртіпсіздік жоқ. Үй иесі арақ ішпесе бізде ішпейміз деген талап қойдық. Қазір ішімдікке үйірлер азайды. Округ әкіміне ризамыз. Кез-келген уақытта шақырып алып, осылай етсек қалай болады деп ақылдасып тұрады, - деп кейбір көшелерге жарық орнатылса деген ұсынысын айтып, атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға берді.

Құрманғазы атындағы орта мектептің директоры Уәлихан Сағынғалиев Үштаған ауылы тұрғындарының тілегін жеткізіп: - Пошта бізге айына екі рет келеді. Сондықтан алға қарай оны ауылымыздан салған дұрыс. Асан мен екіорта біраз жер. Екіншіден бізде тіс дәрігері жоқ. Маман бар, штат бөлінбей отыр. Үшіншіден интернеттің жұмысы жәй. Төртіншіден телефонның ақысын төлеу қиын. Соны пошта арқылы төлейтін етуге болмай ма? Бесіншіден азық-түлік бағасы қымбат. Оны ешкім қадағалап жатырған жоқ. Харабайлыдан әкеліп қымбатқа сатады. Осыларды шешсеңіздер дейміз, - деді. Ауыл тұрғындарынан студент Айдана Ғұмарова, мал дәрігері Азамат Абдуллин, ресейлік Нұрлыбай Жолдасов ауылда жастардың бас қосатын орыны жоқ екенін айтып, клуб салынса, мал моласы пайдалануға берілсе, Ресеймен шекара арқылы қатынау жеңілдетілсе деген ұсыныстарын айтты.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева Азғыр өңіріне тіс дәрігері штатын бөлуге болатынын, медицина қызметкері тұрақтау үшін жергілікті жердегі мектеп бітіруші ер балаларды оқуға жіберу керектігін айтса, «Қазпошта» АҚ Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабы басшысының орынбасары Динара Қазимова телефон ақысын пошта арқылы төлеуді ұйымдастыруға болатынын жеткізіп, халқы 2000 адамға толмайтын елді мекенде пошта ашылмайтынын алға тартты.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров: - Асан ауылдық округіне дәрігерлік пункт салу 2019 жылдың жоспарына еніп отыр. Оған 55 млн.525 мың теңге қаралды. Енді тұрғын үй мен полицияның тірек пунктіне келсек, ол облыс әкімі келгенде берілген тапсырманың ішінде бар. Аудан бойынша 15 округте полицейлерге тұрғын үй салынып жатыр. Азғыр бойына қатынайтын жолды күтіп ұстауға 40 млн, Бесшоқыдағы қиыршық тасты жолға төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға 3 млн. теңге бөлінді. Қазір қыр бойындағы округтерге 365 шақырым магистралды газ құбыры тартылды. Оны енді үйлер мен мекемелерге қосу жұмыстары басталады. Интернет желісінің жай екенін білеміз, ол барлық округтерде де бар. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жасалуда. Бірақ, 2020 жылдан кейін жүзеге асады. Оған ақша республикалық бюджеттен бөлінеді. Асан, Үштаған ауылішілік су құбырының құрылысын бастауға 10 миллион қаражат берілді, наурыз айында алғашқысына 100, екіншісіне 50 миллион теңге бөлінгелі отыр, - деп алға қарай атқарылар басқа да жұмыстардан хабардар етті.

Қ.Ғұмаров