Арыс қаласында 136 үй қалпына келтірілді

(0 Votes)

ҚазАқпарат - 3 шілдедегі жағдай бойынша Арыс қаласында 136 тұрғын үй қалпына келтірілді.

Тағы 571 үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Арыс қаласындағы үйлердің 85%-ы жөндеуді қажет етеді, ал қалада жұмыс істейтін құрылыс компанияларының саны 118-ге дейін артты. Бүгінгі күні тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша ауқымды іс-шараға 1546 құрылысшылар қатысып, 86 арнайы техника тартылды.

Вице-министр Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында. Жақында ол Арыс қаласындағы барлық үйлерді бақылауға алатынын және күнделікті мониторингте ұстайтынын хабарлады.

«Біз әрбір тұрғын үйді тұрақты бақылауға алдық. Егер тіпті желдеткіш немесе терезенің әйнегі сынған болса да, біз бұл жайттардың барлығын ескердік және жөндеуге мұқтаж тұрғын үй нысаны ретінде тіркеуге алдық. Сондықтан әрбір үй бойынша-жеке тәсіл, бір жерде әйнектеу, бір жерде шатырды ауыстыру жұмыстарын жүргізу қажет. Кейбір үйлерді бұзу және қайта салу керек. Қазір шығын сомасын және қалпына келтіру үшін қажетті қаражатты анықтау мақсатында бағалау жүргіземіз»,-деді Қайырбек Өскенбаев.

Арыс 17 секторға бөлініп, әрқайсысы еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларына бекітіп берілді. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, ал шығындардың қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Күн сайын сағат 19.00-де барлық әкімдіктер тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайды.

Сондай-ақ, қалада барлық бұзылған инфрақұрылымды: инженерлік коммуникациялар мен жолдарды қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен жүргізіледі, ал Арыс қаласының кәсіпкерлеріне «Атамекен» ҰКП арқылы қаражат бағыттайтын ірі бизнес өкілдері көмектесуге дайын. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521